Бүгінде халықтың мәдениетін арттырып, өсер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеп, ұлттық өнерімізді дәріптеп отырған облыс көлеміндегі мәдениет, архив мекемелерінің саны 2000 жылдары 40-қа жуық болса, бүгінгі күні 546-ға жетіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсеналы Бықыбаев мәлімдеді деп хабарлайды qamshy.kz.
Спикердің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылы жоспарланған шаралар орындалып, көзделген мақсатты индикаторларға қол жеткізілді.
Мәдениет саласына бөлінген қаржы көлемі 4,7 млрд. теңгені құрап, бюджет қаражаты 100%-ға игерілді.
2016 жылы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 242 млн. 317 мың теңгеге 29 мәдениет нысаны күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. Жалпы алғанда 2009 жылдан бері «Жол картасы» инвестициялық жобасы мен «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 3 млрд. 331,5 млн. теңгеге облыс көлемінде 249 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті.
«Тарихи мұра – баға жетпес қазына» - дейді дана халқымыз. Сондықтан киелі мұраны сақтау, келер ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз. Қазіргі таңда облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің сандық көрсеткіші 3 365-ті құрайды. Оның ішінде: 741 тарихи-мәдени ескерктіш мемлекеттік тізімге алынған, мұның 711 ескерктіші жергілікті дәрежедегі, 25-і республикалық дәрежедегі, ал 5-і Бүкіл әлемдік халықаралық дәрежедегі ескерктіштер.
Ұлы Жібек Жолы бойындағы ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени Мұра» тізбесіне енген 5 нысанға (Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені) 2016 жылдың 31 қазан – 9 қараша аралығында Дүниежүзілік мұра орталығы, ИКОМОС, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі сарапшыларының қатысуымен мониторинг жүргізу жөніндегі реактивтік миссияға өтіп, комиссияның қорытындысымен жергілікті маңыздағы ортағасырлық Қостөбе және Өрнек қалашықтарына Республикалық дәрежедегі мәртебесі берілді.
Өткен жылы Жамбыл өңірінің рухани мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан ұлы тұлғалар мен ірі қайраткерлердің еңбегін келешек ұрпаққа жеткізу мақстында, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қазақ халқының ұлы ақыны Ж.Жабаевтың 170 жылдығына орай Жамбыл Жабаев атындағы «Руханият» орталығы ашылды.
Сонымен қатар, академик «К.И.Скрябиннің үй-мұражайы» және Қарахан кесенесі жанында орналасқан «Ортағасырлық мешіт» қайта қалпына келтіріліп, туристер баратын орынға айналдыру жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлады брифинг барысында басқарма басшысы Дүйсеналы Дыбысалыұлы.