Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсеналы Бықыбаев журналистермен брифинг өткізді деп хабарлайды qamshy.kz. Брифинг барысында басқарма басшысы өткен жылдың жұмыстарын қорытындылап, журналистердің сауалдарына жауап қайтарды.
Дүйсеналы Дыбысалыұлының айтуынша, Жамбыл облысының өткен тарихы жөніндегі сан мыңдаған деректер мен нақты құжаттар облысымыздағы мемлекеттік архивтерде сақталуда. Мұндағы мол тарихи құжаттар қоры өлкеміздің шежіресі, алтын қоры.
Жыл қорытындысы бойынша облыс архивтерінде 4473 қорда 880579 сақтау бірлігі жинақталды.
Архив мамандарының басты міндеттерінің бірі - Ұлттық архив қорын қалыптастыру жұмыстары әрдайым үздіксіз іске асырылуда. Ведомстволық сақтаудағы құжаттардың құндылығы сарапталып, нәтижесінде өткен жылы архив қызметкерлерінің ұсынуымен 14962 тізімдемелер қалыптастырылып, басқарманың сараптау-тексеру комиссиясы отырысында бекітілді.
Бүгінде архивтер арнайы семинарлар өткізіп, нақты әдістемелік көмек көрсетуді жұмыс стиліне айналдырды. Өткен жылда іс жүргізу, құжаттардың сақталу тәртібі бойынша 231 мекемеге әдістемелік көмек көрсетіп, 29 семинар өткізіп, 1040 мекеменің істер номенклатурасының жүргізу реті келісілді.
Есепті жылы 19203 мұрағат анықтамасы беріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11%-ға өсті.
Архив құжаттарын пайдалана отырып маңызды, қызықты фактілерге байланысты ғылыми-көпшілік кітаптар, архив құжаттарының жинақтарын шығару жұмысы да қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін архив қоры негізінде 20-ға жуық кітап, он шақты кітапшалар мен жөнсілтемелер шығарылды. Жамбыл облысының 75 жылдық тарихы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы облыстың тыныс-тіршілігі, майдан хаттары, Жамбыл облысынан шыққан Совет Одағының Батырлары, облыстағы монументальды ескерткіштер, саяси қуғын-сүргін құрбандары, ашаршылық қасіреттері жеке-жеке кітап болып жарық көрді. Сонымен бірге, Таразда өткен Қазақ хандығының 550 жылдық тойы және Тәуелсіздігіміздің 25 жылының шежіресі хроника ретінде жазылып, кітап болып шыққанын ерекше атап өту керек, - деп сөзін қорытындылады Д.Бықыбаев.