Инвестициялар және Даму министрі Жеңіс Қасымбек Батыс Қазақстан облысына сапары туралы әлеуметтік желіде жазды:
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Осы жылы облыста 90 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, кезекте тұрған 1200-ден астам отбасына қолжетімді бағамен баспана беріледі деп жоспарланып отыр.
Биыл бағдарлама шеңберінде республика бойынша 10 млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді (100 мың пәтерді), соның ішінде мемлекеттік инвестиция есебінен 1,6 млн. шаршы метр тұрғын үйді (28 мың пәтерді) іске қосу күтіліп отыр.
2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы алаңы 2,3 млн. шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіш. Қазір іске қосылған тұрғын үй үлесі бойынша Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр. Облыстардың ішінде Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облысы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Қалған облыстардан да дәл осындай нәтижелі жұмыс күтеміз. Аймақтық әкімдіктер бағдарлама бойынша жылдық көрсеткішке қол жеткізу үшін министрлік тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі.