Қазақ кино майталмандары президенттің тапсырмасын орындап, "Сүлейман сұлтан" сынды фильмді түсіруге дайын. Бұл туралы Nur.kz жаңалықтары жазды. Киносүйер көрерменді жаппай экран алдына телмірткен түріктің "Сүлеймен сұлтанын" Президенттің өзі сүйсіне көргенін айтқан болатын. Әрі Ол Қазақстанда да осындай кино түсірілуі тиіс деген. Осман империясының тарихы суреттелген теле хикаяның әр сериясы бақандай 5 мың еуроға сатып алынған. Енді бұндай киноны "Қазақфильм" түсірмекші.

Халық әртісі Асанәлі Әшімов: "Назарбаевтың сөзі айтылды, енді орындауымыз керек. Тарих қой, тарихты көтеріңдер деп жатыр, онысы дұрыс қой. Көтереміз ақша берсе! Ақша ол кісіден, творчество бізден", - дейді. Ал "Қазақфильм" киностудиясының басшысы Ермек Аманшаев, әрқайсысы 20 бөлімнен тұратын 3 маусымдық сериалды түсіру жоспарда екендігін жеткізді.
Дәуірлік лента Сақ заманынан басталып, кейінгі кезге дейінгі уақытты қамтымақ. Сонымен қатар, тарихи танымдық 5-6 толық форматтағы көркем фильм түсіру де көзделіп отырған көрінеді. Бұл – «қазақтарда» мемлекет болмаған деген Путин сөзіне әдемі жауап болары сөзсіз. Осылайша, келер жылы тойланатын Қазақ хандығының 555 жылдығына қарсы қазақ көрермені бірнеше жаңа тарихи туындыға қарық болмақ.
Қамшы-ақпарат