(Айтыстың алыбы, ұстазым Құрманбек Зейтінғазыұлының рухына арнаймын)
Күлді-көмеш күндердің күйбеңінен қажып, адамдардың жеңіл сөз, арзан күлкісінен жүйкең жұқарып шаршаған шақта, сәлде болса тыныштық табар тұрағым деп жан ұяңа асыға жетесің. Жетесің де жар төсегінде шалқалай жатып, сөредегі қаз қатар тізілген кітаптарға көз жүгіртесің, әуелі Әуезовтің «Абайын», Мұқановтың «Ботакөзін», Мүсіреповтің «Ұлпанын», Мағауиннің «Алдаспанын», содан ары сөздің сүлейі сүйікті Құрекеңнің алтын томдарын аралап кете бересің. Өнеріңе де, өміріңе де әсері мол осы бір ұлағатты жанның ұлы жырларын обырлана оқисың, оқисың да ол кісіні көре қалғаныңа, өнерінен өнеге алғаныңа, шәкірт болып ере алғаныңа қуанасың. Даңқына масайрайсың, салмағынан қорқасың, ол кісімен болған күндеріңді оймен шарлап көңіліңе сағыныш көзіңе жас толып, орам-орам ойларға оранасың.
«Жас көңіл тың жер тәрізді, не ексең сол шығады әрі мол шығады», - дейді Қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафин. Бала күнімізден көкейімізде көктеген бір туар ақынның бітімді жырлары, білікті адамдығы, көңіліміздегі көлемін кеңейтпесе тарылтқан емес. Өткен түні Құрекең түсіме еніпті. Мәлім бір өнер жиналысында сияқтымыз:
− Балам Қанатбек, кеудеңдегі дарынды кеңейту керек.− дейді ұстазым. Жанына жақындай бергенімде көзден ғайып болды. Ұйқыдан ояна көрген түсімді естелік альбомға түсірдім. Бұл мезгіл таңғы сағат екіден қырық үш минут өткен кез еді.
Бүгін, 24-тамыз жексенбі таңертеңгі сағат тоғыз, түндегі түстің әсері тосын толғанысқа бастады. Көптен бері көрмеген ұстазымның әз дидарын түсімде болса да көріп көңілім көркейіп қалғандай, қаламымда қайдағы соқпаққа қамалмайтын сыңайлы.

Мен Құрекеңді 2001-жылдың қыркүйек айында Шағанғол ауылының Көксаз сахарасында өткізілген «Шіңгіл ауданының 10-кезекті ақындар айтысында» тұңғыш рет көрген едім.
− Сөйлер ме едім туған ел тіл бермесең,
Дарыным да, даңқым да, жүлдем де сен.
Қадірімді қастерлей білгенде сен,
Кешірмессің ортаңа бір келмесем.
Жүрегіңді жылытатын жыр бермесем.
Іліндірмей мың тұзақ, мың шалманы,
Елім барда жанымды кір шалмады.
Әнші, күйші қасымда жыр саңлағы,
Айтысыңның мендағы бір сардары.
Алашұбар әлемде аядай бұл,
Қой мінезді, қоңыр ел жадағай жүр.
Салт санаңды сақтай біл, саралай біл,
Қара қоңыр түсіңді аялай біл.
........................... – Деп келетін жыр жолдарымен осы кезекті айтыстың беташар жырын айтқан болатын. Онсыз да «өңгерген бесіктің жәйі», «Жеменей», «Қайда» сынды сындарлы жырлары санамызда жатталып келген саңлақ ақынның «қоңыр елім» атты осы толғауы да көп көңілінен жол тауып, жүректерді тербеп жатты. Менде жаттап алып ауыл үйдің той-томалағында айтып жүрдім. Осыдан бір жыл өткенде, 2002-жылдың маусым айында Алтай аймағының 14-кезекті ақындар айтысы Шіңгілдің Қарабура жайлауында өткізілетін болып, осы өлең тойға Шіңгілден талданған ақындардың қатарында мен де шақырту алдым. Қазіргі Халық майданының орынындағы аудандық Мәдениет дене тәрбие мекемесінің 3-қабатында Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жодай Құсбекұлы, Мақсай Қожанайұлы, Бешен Ақынұлы қатарлы ағаларымыз күнделікті дәріс оқып, бізді айтыстырып, машықтандырып жатты. Осы күндердің бірінде айтысып отырған қарсыласым:
− Өлеңің шабан-шардақ болып барад(ы),
Арбадан қажып қалған кары ат құсап ... − деп соқтықты. Сонда мен:
− Сеніңдағы шабытың белгілі екен,
Айғырдан ығыр болған кәрі биедей ...− деп қойып қалдым. Отырғандар ду күлісіп жатты. Бірақ Құрекең түсі бұзылып:
− Әй, Қанатбек, сенде айтыс мәдениеті жоқ, сөздің жақсы жаманын парықтамасаң, бір Шіңгілдің абыройын жалғыз сен түсіресің. − деп қатаң сын тезіне алды. Өзім әулиедей табынып жүрген ақынның мына сөзі төбемнен жай түскендей есеңгіретті. Ақын болсам деп аласұрған арманымның астаң-кестеңін шығарды. Тезден үйге қайтқым келді. Түскі тамақ кезі көзімнен жасым сорғалап жатақта жатқанымда ақын Жодай Құсбекұлы келіп:
− Балам, атаңның сөзіне өкпелеп жатырсың ба? Мықты ақын болу үшін мақтауды да, сынды да көтеруің керек. Сынға төзе білгенің дұрыс. − деп орнымнан тұрғызды. Несін жасырайын содан бір қанша жыл Құрекеңды жақсы көрмей жүрдім.
2005-жылдың мамыр айында Алтай аймағының 8-кезекті сахналық ақындар айтысы Алтай қаласында өтті. Бурылтоғай ақыны Бақытгүл Тоқтауқызымен болған айтысым әжептәуір тартысты болып, көрерменнің қолдауына ие болды. Алайда, маусым айында Үрімжі қаласында өткізілетін Шыңжаң өлкелік 2-кезекті ақындар айтысына баратын ақындардың тізімдігіне іліне алмай қайттым. Сол кездегі оқу орыным Күйтүн көркемөнер факультетінде көңілсіз жүрген күндердің бірінде Алтай аймақтық Мәдениет дене тәрбие мекемесінен тосын шақырту алдым. Шыңжаң өлкелік 2-кезекті ақындар айтысына тізім сыртында қатынасатын болыппын. Кейін естісем жоғарыдағы Бақытгүлмен айтысымды Шыңжаң радиосынан тыңдаған ақын апамыз Жамалқан Қарабатырқызы Құрекеңе телефон соғып: .
− Ана Қанатбектен жақсы ақын шығатын көрінеді, осы реткі айтысқа апаратын шығарсың? − деп әріптесіне салмақ салса керек. Содан Құрекең аймақ басшыларына айтып, мені осы реткі ақындар айтысына қатынасатын етіп бекіттіріпті. Ақыры аңсап күткен айтыс мезгілі де жетті. Жеребе суырып әріптес талдау барысында өзіммен бірге Алтайдан барған Нұрзия Асқабылқызмен айтыстым. Айтысымыз тартысты, әзіл-қалжыңға толы болып, көрерменнің алқауын алдық. Бағалаушылар ортасында отырған Құрекең масаттана шалқып, орнынан қозғалақтап, бөлекше қуанышты сезімде отырды. Айтыс аралығындағы демалыста осы жолғы айтыстың бағалаушысы болып келген әйгілі ақын Бердібек Құржықаев екеуі арнайы келіп, маңдайымнан иіскеп ықылас, тілектерін айтты.
− Осы жаман ұлдарымыз барда біз өлмейміз ғой Беке. − деп құрдасына қарап жымияды Құрекең. Бұл менің отқа оранған он егізім еді. Осы сәттен бастап Құрекеңе баласындай бауыр басып кеттім. Менің көңілімдегі ең құрметті, ең аяулы жанға айналды.
Тамыз айының бір кеші көрші-қолаң жиылып, Шыңжаң телевизиясы 3-арнасынан Нұрзиямен айтысты көріп отырғанбыз. Үй телефоны шырылдап қоя берді. Асыға барып телефон тұтқасын көтерген әкем:
− Алло, Сіз кім?
− Зайтолла амансың ба? Мен Құрманбекпін, ұлымыздың айтысын көрдің бе?
− Ассалаумағалейкүм, ой Құреке сәлеметсіз бе? Үй-ішіңіз аман ба?
− Уағалайкүмассалам, бұйырса Қанат жақсы ақын болғалы тұр, осы жолы жақсы айтысты. Ақсарбасыңды атап сой! ..... Осылайша екеуі ұзақ сұхбаттасты. Сол күні Құрекең қатты қуанышта екен дейді әкем.
«Өзегі өнерімнің өлең менің,
Болады өнерде мін, өлеңде мұң.
Өрелі озып туса өрендерім,
Сол менің теңелгенім, көгергенім.
Ізімді ізде ұрпақтан көрерменім,
Керегім болып жатса егер менің» ... Құрекеңнің жүрегі осындай мейірлі, осындай мөлдір еді, үмітті ұрпақты көргенде айдары айға жеткендей қуанатын. «Мейрамхан Мешелқызмен айтысым орта мектептің әдебиет оқулығына енгізілгенде ұрпақтарымның игілігіне жарадым-ау деп, көп уақыт қуанып, толқып жүрдім» дейтін еді.
Өткен күнге қайта оралсам өнерде ұстаз, өмірде әкедей қамқор болған асқаралы тұлғадан қабылдаған өнегем аз емес екен. Кісілікке, азаматтыққа жетелеген аталық ақылы, ақындықтың қыр-сырына үңілткен ұстаздық тәлімі, түйсігіме мәңгілік түймеленді.
− Шалдыққан шағы мынау шал ақынның,
Көсілер кезі жетті бала ақынның,
Ұлы боп тәмәм қазақ баласының,
Сапары сәтті болсын Қанатымның. ... − деп ақтарылған ақ бата, ақ жарма тілегін жыр сапарыма жебеушідей сезінемін. Сөредегі томдарын аялай ақтарып, парағынан көңіл қалауымды іздеймін. Сосын тағы да ыстық сағынышқа батамын, қайран Құр атам-ай, басқаларға ақтарыла айтатын ашты-тәтті әзіл өлеңдерін маған айтпайтын, «ұлымнан ұят болмасын» деп мені туған ұлындай тұнық тәрбиеге жетелейтін.
2010-жылдың тамыз айында үйлену тойым болатын болып, апта бұрын Құрекеңе сәлемдесе барып, тойымда бата беруін сұрадым. Торқалы той күні кеште ресторан толы халықтың алдында маған арнап оқыған өлеңі бір мұнша жұртты жылатып, бір мұнша жұртты толқытқан еді:
Аллаға мың шүкірлік Қанатбегім,
Келеді керегіме жарап менің.
Әйтеуір айды аспанға бір шығардың,
Ауызыңа «а» дегенде қарапты елің.
Оянып он жасынан жыр жаттады,
Өлкенің болды бүгін бір мақтаны.
Сәулетті сахнаның еркесі боп,
Үкідей шоққа таққан бұлғақтады.
Сенемін сендей ұлын сүйеді елі,
Боласың сан жүлденің иегері.
Алма оны қаперіңе ұли берсін,
Қызыл көз, қызғаныштың шие бөрі.
Табиғат талантыңа бергенде өнер,
Ел сені есік емес, төрден көрер.
Қолыңа су құйып та бере алмайды,
Білімсіз буға пысқан көр кеуделер.
Шығарар өнер ғана адам атын,
Ал мансап біреу қойған аманатың.
Баянсыз байлыққа да бас ауыртпа,
Жетеді ақын деген салауатың.
Ауызыма қырықта сөз тигенде әрең,
Жоқ еді жырдан дәмем, киген кәдем.
Абайдың атыменен аруақтандым,
Ұлт барын, қазақ деген білгенде әлем.
Сескенбе күншіл күндеп жүр екен деп,
Біреудің көз, біреудің тілі өтер деп.
Сақ жүріп сабырлы бол, сеніп кетпе,
Көзіңе мақтағанды шын екен деп.
Әлі де талай сынға кез боларсың,
Сұқты көз сумаңдаған сөз жоғалсын.
Қимаймын өзге тұр ғой Зайтоллаға,
Сен менің өнердегі өз баламсың.
Бойдағы өнер неге тоналады,
Өзгесі өзі-ақ келіп оралады.
Келінім екеуіңді құттықтаймын,
Бұйырса талай тойың болады әлі.
Алда той өнер гүлге оранады,
Қолыңа арман құсың қонады әлі.
Қомақты болмасада тоғанағы,
Атаңның тойға әкелген орамалы. − Көзімнен аққан жас көпке дейін тежеу бермеді. Ақын Ғылымбек Солтанияұлының сүйеуімен сахнадан түсіп бара жатқан сүйікті ақынға сүйіне қарап, маған айтқан өсиетіндей осы өлеңін дәптеріме емес, жүрегіме жазып жаттым.
Ой, жалған-ай деген. Құрекең арғы дүниеге аттанғалы да үш жарым жыл өтіпті. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» дейді данышпан Абай. «Малтауды малтау барысында үйренесің» деп мақалдайтын Құратамның «Халық алдында кішіпейіл бол! Өнердің киесі болады, сол киені қорғай біл!» дейтін ақылы мәңгілік көкейімде. Әлі күні айтыс майданында осал түсіп, ағат сөз айтып алған шақтарымда мені қатаң сын тезіне алған сол бір бейнесі көз алдыма келеді. Сосын сөз киесінен, ұстаз сынынан санам оянып, өзімді сабырлылыққа шақырамын!
Мұндайда «жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді» дейтін халық даналығына еріксіз иілесің. Ұстаз жәйлі көңілде жүрген сырлар көп, ол жәйлі бір мақала емес, талай толғанысты шақтардың тоғанағы шешілетініне сенемін. Өлді деппін-ау
... Өлген жанның денесі көмілсе де,
Көмілмейді дегейсің өлең жерге ... Құрекең өлген жоқ, ол мәңгі тірі!!!
Дайындаған: Ерлан Төлеубай