Қазақ жастарына дұрыс рухани тәрбие беруіне, олардың бағытты дұрыс таңдауына, сондай-ақ діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік құндылықтарын меңгеруіне және оларға өзге діни ағымдардың зияндылығын түсіндіру жұмыстарына байланысты қоғам болып атсалысуымыз керек. Өйткені жастар еліміздің болашақ тірегі.
Қазіргі таңда Елбасының діни саясатын жүзеге асыру, жастар арасында дәстүрлі діни танымды қалыптастыру, қазақ жеріне ислам дінінің келуі және оның қалыптасу ерекшеліктерін түсіндіру жұмыстарын жаңғыртуымыз керек. Ислам дінінің қазақ жеріне келіп орналасуы өзі тарихи кезеңдерден тұрады:
- 751 жылы Талас шайқасы деп аталатын арабтар түріктермен қарақытайлар әскерін талқандауы;
- 999-1212 жылдары Қараханидтер хандығы 200 жылдай қазақ жеріндегі Ислам мемлекетінің болуы.
- 1312 жылы Алтын Орданың Исламды қабылдауы.
Қазіргі уақытта еліміздегі дін мәселесінің күн тәртібінде тұруына бір ғана себеп бар. Ол сенім мен танымға байланысты. Сенім Исламда бір ол барлық әлемдегі мұсылмандарға ортақ. Яғни, Аллаһ бір, құран шын, пайғамбар хаһ. Ал, танымға келсек әрбір мұсылман адам болсын халық болсын өзінің ұлттық дүниетанымдық көзқарастарымен таниды. Біздің ата –бабаларымыз да осы әдістерді қолданған.
Осы дәстүрлі діни таным дегенде - бұл қазақ халқының ғасырлар бойы өзінің болмысына сай қалыптастырған рухани құндылық. Оның өзегінде Ислам діні жатыр. Өйткені дін халықтың мәдени, рухани болмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қалыптастыратын негізгі қайнары көзі.
Жалпы дінге қатысты төрт мәселе бар: діни таным, діни сана бұларды қамтамасыз ететін діни сенім мен діни тәжірибе. Осы төртеуі де қазақта бар. Біздің діни танымымыз фиқһта Әбу Ханифа мәзһабына, діни сенімде Матуриди ақидасына және діни тәжірибеде Яссауи ілімінің қабаттарына негізделген. Осы негіз біздің ойлау жүйемізден, дүниетанымдық қабаттарымыздан, әдет ғұрпымыздан, салт дәстүрімізден көруге болады.
Өкінішке орай, қазіргі таңда дінді дәстүрден алшақтап ұстауға тырысатындар қатары көбейіп жатыр. Әсіресе жастар арасында «бидғат», «ширк» деген сөздерді жиі естиміз. Діни танымды анықтайтындар әрине – жастар. Жастар дінге бет бұрып жатса, онда мемлекет тарапынан кері ағымдардың жетегіне кетпеуінің алдын-алып, дұрыс және тиісті бағыт-бағдар беру керек. Бұл тек жастар емес, тұтас ұлттың проблемасы деп қараған жөн.
Шәкәрім атамыздың сөзімен айтқанда «Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне, дін десе тұра қашты есті азамат» кейпінде қалмауымыз керек.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз сөзіңде: «Қазақ даласында ислам дінін орнықтырғандардың бірі – данышпан бабамыз Ахмет Ясауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрмен, мінеки, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді» - дей келе, халықтың мәдениеті қай бағытта дамитынын айқындайтын – осы діни таным мен діни тәжірибесі. Егерде кез-келген халық өзінің дәстүрлі діни таным мен діни тәжірибе негіздерінен ажырайтын болса, онда ол халық өзінің рухани мәдени болмысынан ажырайды. Дін мен дәстүр үндескенде ғана дін дамып, дәстүр байиды.
Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына да көз жүгіртсек, әрине аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құндылықтарымен негізделуіне куә боламыз. Қазақ даласында қиссашылдық дәстүр тамыр жайып, Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақтардың интеллектуалдық танымына қатты ықпал етіп келді. Ғалым Алма Қыраубаева қиссаларға «Қазақ ренессансының қайнары» деген баға берген. Ал, Б.Әзібаеваның пікірі бойынша “Біріншісі, Ислам дінін таратушылардың іс жүзіндегі (мешіт, медресе) үгіт-насихат жүргізуі арқылы жүзеге асса, екіншісі—ақынжанды дала тұрғындарының жан-жүрегіне тасқа басылған жыр сөздермен (діни дастандар) әсер ету арқылы орындалған тәрізді”, сенім екі жол арқылы халықтың көкейіне қонып отырды. Әсіресе, соңғы “жол” қазақтың иманының күшейуіне қатты әсер етті.
Себебі, бұл аталмыш діни дастандар, қисса, жыраулық дәстүрі қазақтың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сонымен бірге сырттан келген діни миссионерлерге, рухани экспанцияға да қарсы тосқын бола білді. Алайда, Кеңес үкіметі кезеңіндегі қазақ зиялылардың діни-рухани мәндегі туындылары жарық көрмей және рухани мұраларын жою, құрту қатігездікпен іске асырылған. Дегенменде, қазақ дүниетанымындағы исламды түп тамырын жоя алмады, сол үшін ұлттық дүниетанымды сақтап қалу үшін қайта жаңдандыру қажет.

Мәселен, Хз. Пайғамбардың (с.ғ.с) «Құлдың жүрегі түзелмейінше, иманы түзелмек емес. Ал тілі түзелмейінше, жүрегі түзелмейді» өсиеттеріне сай, қазақ зиялылардың бойыңдағы мұсылманшылық парыздарын тілімен де, жүрегімен де насихаттағанын байқауға қиын емес. Мұсылманшылықтың абзалы жүректегі иманның дүние тіршілігінде көрініс табуында екендігін жақсы түсінгендіктен Әбубәкір Кердері:
«Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде барда, ділде жоқ» - деп, ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Демек, адамның ішкі жан-дүниесі сыртқы дүниенің негізі және сыртқы дененің әрекетінің қозғаушы күші болып табылады.
Ислам ілімі бойынша адам баласының бүкіл іс-әрекеттері үш топқа бөлінеді: «ғибадат», «муамалат», «ахуалу-шахсия». Бұл аталғандар ақида, фикһ және ахлақ салаларына жіктеліп қарастырылады. Соның ішінде соңғы екеуі – фикһ және ахлақ толығымен рухани-моральдық құндылықтарға негізделеді. Демек, дін тек сеніммен ғана емес, рухани құндылықтармен де тығыз байланысты. Сондықтан да қазақ «иманды» деп барлық адами ізгі қасиеттерді бойына жинақтаған рухани деңгейі жоғары тұлғаны айтады.
Демек, жат ағымдардың идеологиясына қарсы «Уды у қайтарады» дегендей, алдын алу жұмыстарының ең белсенді, әрі ықпалдысы – дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту керек. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы жат ағымдардың идеологиясына тосқауыл қоюға болады.
Бахтияр Алпысбаев,
«Жийде» қоғамдық қорының үйлестірушісі, дінтанушы