Қазағым той жасайды дүркіретіп.
Атқылап от-шашуын күркіретіп.
«Барында оралыңның ойна да күл,
Бұл дәурен кетеді, деп, бір күні өтіп!»
Қазағым той жасайды дабылдатып.
Қарызданып, есінен танып жатып.
Жекжаты да жік-жаппар қуана алмас,
Шақыру қағаздарын алып жатып.
Дей алмай: «тұрмыс төмен, жағдайым жоқ...»
Той жасайды «қатардан қалмайын» деп.
Кепілге үйін қойып, несие алып,
Отырар той дегенде дап-дайын боп.
Ұл – ұлық, келін – кердең ай маңдайлы...
Амал не, сол маңдаймен ойланбайды.
Ақшасын судай шашып, «лимузинмен»
Қыдырмаса, көңілдер жайланбайды...
Құшағын садақаға жая алмаған,
Сараң да той дегенде аянбаған.
Бүгінгі біздер жеген дәмнің түрін,
Қаншама пайғамбарлар жей алмаған!
Жатқан кім соның бәрін жеп үнемі?
Қабырғаң оны ойласаң сөгіледі.
Жегеннен бірнеше есе көбірегі
Қоқыстың шұңқырына төгіледі!
Адамға адам оңай жағып па екен?
Бәлеқор бәрібір мін тағып кетер.
Кейбіреудің бір жылдық жалақысын,
Бір әнші бір-ақ тойдан алып кетер.
«Жалт етіп жұртты өзіме қаратайын,
Даңқымды, дақпыртымды таратайын!»
Демесе, құлшылыққа жаратылған,
Мұсылман болмас па еді қарапайым?
Мойындау құл екенін – намыс бүгін.
Біздің той – бәсеке мен жарыс бүгін.
Құранға құлақ аспау – адамдардың
Алладан көрсетеді алыстығын.
Аузыңды аңқайтқандар сөйлегенде,
Құдайдың жөнін айтсаң бой берер ме?
Сүйресең де мешітке бармайтындар,
Сылтау таппай қалады той дегенде.
Өрнектеген іш-тысын көркемдеп бір,
Ғимараттар орманы «кел-кел!» деп тұр.
Мешіт емес, бүгінде мейрамхана
Құрылысы қарыштап, өркендеп тұр.
Той көбейеді екен ғой тойынса жұрт.
Құмарлықтың қызуы бойын шалып.
Екі иығын жұлып жеп билейді-ай кеп,
Ермегі болып ерсі ойын-сауық...
Той дегенде сылтау көп, мереке көп.
Мереке көп болса да береке жоқ.
Бақытқа мас болғандар бір жыл толмай,
Ажырасып жатады келеке боп.
Айта берсе сөз көп бұл жиын жайлы.
Айтқан сайын мойындау қиындайды.
Адамдар ысыраптан тыйылмаса,
Алланың ырзалығы бұйырмайды!