Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс 6-12 қазан аралығында Жапонияның Осака қаласында өтетін халықаралық турнирде бақ сынайтын болады. Жүлде қоры - 250 мың АҚШ доллары болатын аталмыш турнирде Заринаның табысты өнер көрсетуіне мүмкіндігі толық. Өйткені осы жарыстың бірінші ракеткасы, атақты австралиялық Саманта Стосурмен Заринаның жолы тек финалда ғана тоқайласуы мүмкін. Қазақстандық спортшы американдық Мэдисон Кис, Коко Вандевеге, украиналық Элина Свитолина сияқты теннисшілермен де бәсеке өткізуі мүмкін. Бұл турнирге тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева да қатыспақ. ҚазАқпараттың жазуынша Зарина Дияс Мария Шарапова немесе Виктория Азаренко сынды маңдайалды әлемнің теннисшілерімен шеберлік байқасуға дайын екендігін айтқан. Ол жыл соңына дейін үздік отыз теннисшінің қатарына енуді мақсат етуде.
Қазақстанның нөмірі бірінші ракеткасы Зарина Дияс өткен аптада Қытайдың Ухань қаласындағы халықаралық турнирдің екінші айналымына өтіп, соның арқасында рейтингтік ұпай алған. Оған сай Зарина Дияс WTA (Халықаралық теннис федерациясы) рейтингісіндегі 39-орыннан 37-орынға көтерілді. Зарина Дияс биылғы жылдың басында әлемдік рейтингте 112-орында тұрған.
Қамшы-ақпарат
Пікір қалдыру