ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде қазақтың әйгілі актері, кинорежиссері, КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Ш.Аймановтың (1914-1970) туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақ киносының саңлағы» атты мемориалдық көрме ашылады. Бұл туралы Baq.kz сайты хабарлады.
Көрме 1 қазаннан 1 желтоқсанға дейін жалғаспақ. Ұлы режиссер, қайталанбас талант иесіне арналған «Қазақ киносының саңлағы» атты көрмеде актердің өмірінен сыр шертетін фотоматериалдар, құжаттар, марапаттар, өзіне тиесілі жеке заттары, сыйлықтары мен Ш.Аймановтың тікелей өзі жинаған бәкілер және шақпақ коллекциясы қойылған.
Айта кетейік, Шәкен Кенжетайұлы Айманов – қазақ киносының негізін салушылардың бірі, өнер көкжиегіндегі шоқтығы биік тұлға әрі ұлттық танымды экрандық өнерде алғаш рет бейнелеп, әлемдік деңгейге көтерген ұлы суреткер. Шәкен (Шаһкерім) Айманов 1914 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Айманбұлақ ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітірген соң, 1929 ж. Семейдегі халық ағарту институтына оқуға түседі. Осы кезден бастап түрлі көркемөнерпаздар үйірмелеріне белсене қатысады. 1933 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрының құрамына қабылданады. Ол сомдаған Қобыланды, Қодар, Ақан сері, Петруччио, Отелло рөлдері ұлттық театр тарихында өзіндік із қалдырды. 1947-1951 жж. қазіргі Қазақтың академиялық драма театрының бас режиссері болған ол 40-тан астам жаңа бейне жасап, бірнеше спектакль қойды. 1953-1970 жж. «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Ш.Айманов түсірген «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Атамекен» (1966), «Найзатас баурайында» (1968), «Алдаркөсе» фильмдерінен ұлттық бояу анық сезіледі. Ал, «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытуда ерекшеленіп, әзіл-күлкілі көріністер мен қисындардың табиғаты да ұлттық дәстүрлермен тамырласып жатыр. Соңғы қойған «Атаманның ақыры» (1970 ж.) тарихи шытырман фильмі режиссер Ш.Айманов шығармашылығының биік шыңына айналды. Ш.Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастырып, ұзақ жылдар бойы одақ басқармасының бірінші хатшысы (1958-1970) қызметін атқарды. ҚазКСР Жоғары кеңесінің 4 және 7 шақырылымдарының депутаты болып сайланды. 1947 ж. Ш.Аймановқа ҚазКСР Халық әртісі, 1959 ж. КСРО Халық әртісі атағы берілсе, 1952 ж. «Абай» спектаклін қойғаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордені және екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордені, бірнеше медальдермен марапатталды. 2007 ж. «Экран шебері» атағына ие болды.
Ш.Аймановтың есімі «Қазақфильм» киностудиясына, Алматы қаласының бір көшесіне беріліп, өзі тұрған үйі мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған. Сонымен қатар, Павлодар қаласындағы кинотеатрлардың бірі Ш.Айманов есімімен аталады.
Қамшы-ақпарат
Пікір қалдыру