Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа кеше үкім оқылды. Сот шешімін естігеннен кейін Тұңғышбай Жаманқұлов azattyq.org тілшісіне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өкпелі екенін айтты.
"Арнайы үндеу жасаған президентіме үлкен інісі ретінде өкпелімін. Араша түспегеніне өкпелімін" деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Естеріңізге сала кетейік,«Қаржы жымқырды» деп тұтқындалған Тұңғышбай Жаманқұловтың, қамауға алынардан бірнеше күн бұрын видео мәлімдеме арқылы Елбасынан араша сұраған.
Видеода актер Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен бас араздығының болғанын, фильмге бөлінген қаражатты «Қазақ елі» сериалына аударып жібергенін, Талғат Жәнібековтің шалыс басып, министрді айыптап ағат қылық жасағанын, өзінің Еңлік Сыдықованы қорғап, журналиске видео сұхбат бергенін, Арыстанбек Мұхамедиұлымен түсінісу үшін Астанада кездескенін, кешірім сұрағанын мойындай отырып, бірақ мәдениет министрінің мәміледен бас тартқанын, «бала-шағаң қаңғырып қалады» деп қоқан-лоққы көрсеткенін, қисынсыз айып тағып, талап қойғанын айтқан.
Айта кетейік, Сот прокурор сұрағандай жаза тағайындады. №2 Медеу аудандық сотында прокурор Тұңғышбай Жаманқұловты 7 жыл 6 айға соттауды, бірақ Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша жаза мерзімін 3 жыл 7 айға азайтуды және жасы жеткенін ескеріп шартты жаза кесуді сұраған еді.
Шолушы: Әсем Әлмұханбет
,