«Өнерлі өрге жүзер» деген халық даналығын пайымға алсақ, өнердің сан-саласы бар. Соның бірегейі – қылқаламмен өрнек салып, заман мен қоғам, табиғат пен адам бейнесін шынайы сомдау арқылы келешек ұрпақты тәрбиелеу болып табылады. Осы қылқалам өнері – ұлы Жаратқанның пендесіне берген үлкен сыйы. Қылқаламның көмегімен дүниеуи және адами құндылықтарды нақты көрсетіп, халықтың рухани-таным серпілісіне қозғау салуға әбден болады. Осындай ұлы өнердің өрінде жүріп, оның аз-кем мехнаты мен қиындық қалтарысын тартып, өзіндік қолтаңбамен жүрген суретшілер қауымы жетерлік. Осындай елге еленбейтін, көзге көрінбейтін саф өнердің сахнасында көп жылдардан бері еселі еңбек етіп келе жатқан өнерлі азаматтың бірі – Ораз-Көзді Есенбаев.
Суретші Ораз аға Есенбаев 1960 жылы 27 ақпанда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. 1977 жылы аудан орталығындағы №123 орта мектепті бітірісімен, Кеңес Армиясы қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. 1980-1983 жылдары Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы Алматы Көркемсурет училищесін тәмәмдаған соң, еңбек жолын Қызылорда қаласында бастап, кейін 1989-93 жылдары Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтын тәмәмдаған. Бүгінде ол, Алматы «Сымбат» Дизайн және технология Академиясының суретші-оқытушы қызметінде еңбек етіп, жүздеген шәкірттер тәрбиелеуде. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, бірнеше мәрте халықаралық және республикалық Көрмелердің қатысушысы, түрлі марапаттардың иесі. «Қобызнама», «Наурыз» атты тарихи туындылар мен «Косьяк» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық сурет көрмелерінің авторы.
Ораз аға жаратылысында өте қарапайым, адами болмысы қазақи, салмақты оймен салиқалы тірлік етіп жүрген ұлт өнерінің жанашыры. Қылқалам шебері – өзінің саяси-пәлсапалық тұжырымдары арқылы, асқан жаңашылдықпен, рухшылдықпен көркемсурет туындыларын жұртшылыққа арнап, салып жария етіп жүр. Соның бір парасы төмендегі «Мұсылмандық хадистері» мен «Конфуцийдің пәлсапалық іліміне» арналған еңбектері.
Тарихи деректерге құрылған, бояу-болмысы қанық, мазмұны терең, тағылымды да, тәрбиелік үлкен мәні бар суреттерді көпшілік оқырманға ұсынамыз. Қалың оқырман өздерінің талғамды ойларын ортаға салады деген ойдамыз.
[gallery link="file" columns="9" type="slideshow" ids="13888,13887,13886,13885,13884,13883,13882,13881,13880,13879,13878,13877,13876,13875,13874,13873,13872,13871,13870,13869,13868,13867" orderby="rand"]
Мұхтар Мүбәракұлы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының кіші ғылыми қызметкері.