Қытайдың CCTV6 орталық телеарнасының түсірілім тобы Қазақстанда 14 күн болып қайтты. Еліміздің табиғаты мен экономикалық дамуынан хабардар ететін жаңа туынды Қытай елінің орталық телеарнасынан 2015 жылдың наурызынан бастап көрсетілетін болады. Бұл туралы Туризм индустриясы ұлттық қауымдастығының президенті Гауһар Жеңісбек мәлімдеген.

ҚазАқпарат жазғандай, China Movie Chanel өкілдерінің айтуынша, фильм бес эпизодтан тұрады. Әр бөлімнің ұзақтығы 20 минутқа созылады. Бұл бөлімдер «ЭКСПО-2017», Қазақстан талғамы, Ұлы Жібек жолымен, Қазақстан халқы, кадр сыртындағы дүние тақырыбына арналған. Қытайдың түсірілім командасын деректі фильмдер режиссері Нино Ванг бастап келді. Қытайлықтар Қазақстанның 7 қаласындағы және Алматы облысындағы мәдени-тарихи нысандарда болып қайтқан.
CCTV6 арнасы Еуропада, әлемде көрсетіледі. Олардың аудиториясы 850 млн. адамды құрайды. Бұл фильм шетелдіктерге Қазақстанның өмірін таныстырады.
Қамшы-ақпарат