2017 жылдың ең айтулы оқиғалардың бірі ЭКСПО Халықаралық көрмесі. Көрменің мемлекет үшін де, Қазақстан тұрғындары үшін де маңызы зор. Бүгін, яғни 9 маусым күні Халықаралық көрменің ашылу салтанаты өтетіні хабарланған болатын. Қамшы ақпараттық агенттігі Informburo.kz-ке сілтеме жасап ЭКСПО көрмесінің басталуына 24 сағат қалғандағы Астананың тіршілігін назарларыңызға ұсынады.

Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы, ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің басшылары бүгінгі салтанатты жиынның айтулы қонақтары , павильонды аралаған алғашқы саяхатшылар болмақ. Сыйлы қонақтарға гид болып Елбасының өзі жүреді деп күтілуде.

Айтулы оқиғаның ашылу салтанатын тікелей эфир мен телеарналардан еліміздің барлық тұрғындары тамашалай алады. Алайда көрмені тамашалауға 10 маусымнан бастап рұқсат етілген.


Қала іші мен көрме маңы ерекше режімдегі күзетпен қорғалуда. Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздарының қарасы көбеюде. 
Алдағы 90 күн ішінде ең мықты қорғаныста болатын да осы көрме болу керек.

Болжам бойынша алдағы 3 айда қарапайым киім киген қызметкерлер де тыныштықты күзетпек. Алдын ала жасалған дайындық бойынша басты назар антитерроризммен күрес. Күзет кезекшілігіне түскен арнайы даярланған иттердің де саны артып, қарулы күзет те көрмеге келушілердің тыныштығын күзетпек.

Арнайы әлемдік көрме қарсаңында полиция қызметкерлері жаздық жаңа киім үлгісіне көшті. Арнайы желетке Жапония мен Оңтүстік Кореяның құқық қорғаушыларының киіміне ұқсас болғанына қарамастан әдемі көрінеді.

Құқық қорғаушылар ЭКСПО көрмесі ресми түрде ашылғаннан кейінгі бірнеше күн бойында қатаң тексерістер жүргізбек. Ешқандай оқыс жағдайға жол бермес үшін тырысып бағатындары анық.

Көгалдандыру ісіне келер болсақ, қала іші біршама ақсап тұр. Ұйымдастырушылар «Болашақтың энергиясын» қалыптастыру барысында қаладағы көшелердің маңы жасыл желекке айналатынын мәлімдеген болатын. ЭКСПО-ға арнайы жасалған видеороликте де жан-жағымыз жасыл түске боялып тұр. Ал шын мәнінде қандай?

Бірнеше гектар жерге көз жүгіртсең видеороликтегі көгал мен қаланың ішіндегі гүлзардың біршама айырмашылығы байқалады.

Аймақты көгалдандыруға гидрокөтерімнің де еш пайдасы тимеген. Себілген дән құрғақ топыраққа түсіп, қурап кеткен.

Аймақтың көгалдандыруына жауапты орталық әкелген арнайы шөптің түптерінің өзі қурап кеткен. Жапан далаға ұқсап қалып кеткен гүлзар ішіндегі құрғақ жер құрылыстан кейінгі қоқысты жасыруға шамасы жетпей тұр.



Суландыруға арналған құрылғылар жақында ғана орнатылған. Соған қарамастан істен шыққан. Оның себебі, асығыс істелген іс барысында көпшілік білетін ережелердің сақталмауы.

ЭКСПО көрмесінде цемент, әйнек, шыны мен асфальт көп. Алайда жасыл шөп ара-арасында қарасын көрсетеді. Астанаға келген қонақтар жасыл аймақты көргісі келсе орталық саябақтарға барғаны жөн.
Қала ішіндегі шағын бақтар мен саябақтар саяхатшыларды қабылдауға толықтай дайын.

«Абу-даби Плаза» ғимаратынан көрмеге дейінгі жолға жоспар бойынша тағы бір саябақ салу керек болған. Алайда белгісіз себептермен саябақтың құрылысы басталмады. Құрылысшылар әрең дегенде Түркістан мен Ақмешіт көшелеріндегі құрылыс жұмыстарын аяқтады. Оның себебі Қазақстанның «Шар» павильонына апаратын жолды жалғап тұрған осы екі көше . Көшелер жөндеуден өтіп, көркі кіріп қалғаны рас. Алайда көшедегі құрылыстың қалдықтары көпшіліктің назарын өзіне аударып-ақ тұр.


ЭКСПО-ға дайындық барысында биік қабатты ғимараттардың аяқталмағаны шетелдік қонақтарды таңқалдыруы әбден мүмкін. Келісім шарт бойынша 10 маусымға дейін тұрғын үйлердің құрылысын аяқтап, өткізу керек болғандардың қатарында танымал брендтер де бар.

«Абу-Даби Плаза» көрменің ашылуынан бұрын құрылысын аяқтамаған ең айтулы ғимараттардың бірі.

Жыл жаңалығы болып отырған көрме қарсаңында аяқталмаған құрылыс, қоқыстар астаналықтарды біршама қынжылтуда. Аяқталмаған құрылыс пен құрылыс қалдықтары тіпті Астананың ең айтулы «Мәңгілік Ел» жобасының маңында да жатыр.

Егер 24 сағат ішінде көшелердің бәрі ретке келтірілмесе ЭКСПО маңындағы құрылыстың суреттері желіні шулатуы мүмкін.
Аударған: Айгерім ТАУБАЙ