Еліміздің көк байрағы желбірегеннен бері ата-баба дәстүрі көш түзеп, халқымыз еңсесін көтеріп, жарқын болашаққа бет алды. Бүгінде күллі әлем таныған тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.
Болашақта ел тізгінін ұстайтын жастар тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, елге қалтқысыз қызмет етсе, мемлекетіміздің экономикасы қарқынды дамиды әрі бәсекеге қабілеттілігі артып, өркениет көшінен қалмайды.
«Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті, алғыр әрі жалынды жастар қолында, – Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер», – деп ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай, жастар – қоғамның тірегі. Білімді ұрпақ ұлтының болашағын бұлыңғыр етпейді, өйткені, мемлекеттің ертеңi – жастардың қолында. Ал, жастардың заманауи білім алуына жағдай жасап, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстатуды мақсат еткен мемлекет пен Елбасының сындарлы саясатының арқасында еліміздегі білім саласы жылдан жылға жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.
Дегенмен, кейде «үлкен үміт артып отырған жастарымыздың бүгінгі рухани келбеті қандай?» деген сұрақ туындайды. Бүгінгі жас буын – өте еліктегіш, болып жатқан өзгерістерді ой елегінен өткізбей қабылдап, бойға сіңіріп үлгереді. Соның салдарынан ұлттың болмысы мен мәдениетіне жат түрлі саяси, діни ағымдар идеологиясының құлы болып, өзінің дәстүрлі рухани құндылықтарынан бас тартуда. Жастардың эстетикалық, діни көзқарастарын қалыптастыруда бүгінгі ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы зор екені баршаға мәлім. Себебі, ғаламтор желісіндегі сансыз ақпараттар жастардың өмір сүру салтына, жүріс-тұрысына, тіпті киім-киісіне де тікелей әсер етіп отыр.
Орыс жазушысы А.Чехов «Адамның бойындағының бәрі – оның келбеті де, киімі де, жан дүниесі де, ойы да сұлу болуға тиіс… Мен көркі мен киіміне қарағанда көз сүйсіндіріп, бас айналдыратын адамдарды жиі көремін, ал жан дүниесіне үңілсең, құдай сақтасын! Әп-әдемі сыртқы қабықтың ішіндегі жанның қап-қара болатыны сонша, оны ештеңемен жуып кетіре алмайсың», - деген екен.
Бүгінгі таңда ұлтжанды әрі иманды ұрпақ қалыптастыру, рухани тірегі мықты, намыс-жігері мол жастарды тәрбиелеу өзекті мәселеге айналып отыр. Жастардың рухани әлемінің байлығы олардың өзі үшін ғана емес, бүкіл қоғам өмірі үшін де маңызды. Себебі, жас ұрпақтың ұстанған бағытынан, оның келбеті мен дүниетанымынан, саналы ғұмыр кешуге деген ынтасынан қоғам мен мемлекеттің тұтас дамуы анықталады.
Адамдарды азғындықтан, сезімдік жадаулықтан құтқаратын бір күш бар. Оның аты – дін. Дін тек белгілі бір талап, тәртіп, дәстүр, заңдылықтарды орындаумен шектелмейді, дін жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, адамның ішкі жан дүниесін байытып, өнегелі көзқарас пен әрекет қалыптастырады. Дінде адамның жан дүниесіне ықпал ететін құдірет бар. Қазіргі кезеңде дін – қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамы. Дін арқылы адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасағанмен, бүгінде кейбір жастарымыздың жат діннің жетегінде жүргеніне налисың. Ал сол теріс пиғылды ағымдарға қарсы күресудің ең ұтымды жолы – ұлттық болмысымыз бен табиғатымызға етене асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Себебі, жалпы адамзаттың рухани дамуының түп негізі мәдениет, әдебиет, дін, салт-сана, тіл деген ең негізгі құндылықтардың беріктігіне келіп тіреледі.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың сара жолына түсіп, санамызды өзгертпесек, тарих көшінде жеңіске жете алмайтынымызды, барымызды бағалап, ертеңімізге қазірден қам жасап, кертартпа кеселдерден тез арылмасақ, көш бастаған өркениетті елдерге жете алмайтынымызды айқын көрсетті. Расында да, егер жаңғыру елдің ұлттық, рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайтыны анық. Жас жүректер «елім, жерім» деп соқпаса, туған жеріне деген құрмет, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімі қалыптаспаса, ұлттық рухани болмысын сақтай алмаса, ата жолдан адасып жатса, біздің болашағымыз не болмақ?!
Ұлы ойшыл, данышпан Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…», – деп рухани тәрбиенің адам өміріндегі өлшеусіз маңыздылығын айтқан.
Адамның бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасып дамуындағы діннің әлеуеті мен тәрбиелік рөлі маңызды. Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы мұсылмандық танымның негізінде қалыптасты. Мысалы, ислам діні салт-дәстүрлердің рухани өзегіне айнала отырып, қазақ халқына ғылым, білім, діни-танымдық көзқарасты тарту етті. Дін адам баласын имандылыққа, кісілікке, адамгершілікке, қайырымдылыққа баулиды. Сондықтан хақ дінімізді берік ұстанып, ондағы асыл құндылықтарды дұрыс пайдаланып, ұрпақтарымызды имандылық қағидаларымен тəрбиелесек, өркениетті елдердің алдыңғы қатарлы биік деңгейлеріне шығатынымызға күмән жоқ.
Тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін, кеудесінде патриоттық сезімі, жүрегінде иманы бар, еліміздің еңсесін биіктетіп, көк туымызды көкке желбіретін жастар елімізге ауадай қажет. Тіпті заманның өзі рухы мықты тұлғаларды, халқымыздың тарихи мұраларын қастерлеп оқып-біліп, келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыруды талап етеді. Тәуелсіз Қазақстан жастарының рухани келбеті еліміздің болашақ бағдарын танытады.
Қазақстан үшінші жаңғыру кезеңіне қадам басып, болашақта жаңа белестерді бағындыруды көздеп отыр. Қоғамдық сананы жаңғыртудың басты басымдығы – рухани даму мен жаһандану кезеңіндегі бәсекеге қабілеттілік. Тәуелсіз еліміздің іргесін нығайтудың кепілі – замана сұранысына орай өскелең ұрпақтың бойында рухани және адами қасиеттерді сіңіру. Ал жастардың рухани байлығы дегенде бірінші кезекте, білімі, ана тілі, асыл діні мен төл мәдениетіне құштарлығы, дүниетанымдық ой-өрісі тұрады.
2016 жылы өткен Республикалық жастар Форумында И.Тасмағамбетов: «Жаһанданудың бізге беретін мүмкіндігі қандай болса, заңы да сондай қатал. Оған тек қана рухы биік, руханияты кең халық қарсы тұра алады. Ол үшін мемлекет келешегіміздің кепілі – жастарға сенім артып отыр. Оған тек рухымыздың биіктігімен, ұлттық тұғырымыздың беріктігімен ғана қарсы тұра аламыз. Өздеріңіз білетіндей, ең қуатты, ең сауатты руханиятқа ие мықты орта, ол – жастар. Бұл – қазіргідей сахналарды сауық-сайран, теледидарды атыс-ойран, ғаламторды күдік пен күмән жайлаған заманда арқа сүйер жалғыз үмітіміз», - деп, жастардың қоғамның тіршілік күші және қазіргі заманның энергиясы екендігін атап өткен болатын.
Қай заманда болмасын өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу – адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің бірі. Мемлекет жастарға жан-жақты жағдай жасап, үлкен мүмкіндіктер туғызып отырғандықтан, тәуелсіз елдің ұланы сол қамқорлықтарды тиімді пайдаланып, азаматтық жауапкершілікпен жарқын болашаққа қызмет етіп, жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуы керек.
Егемен елімізді дүние жүзінің дамыған елдерімен теңестіріп, тұтқасын ұстайтын, біздің дарынды да қабілетті ұландарымыздың ең басты бағдаршамы – ұлттық құндылық, ең негізгі ұстанымы рухани ізгілік болғаны жөн. Олар халқымыздың қанындағы әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік секілді құндылықтар мен асыл қасиеттерді ұлықтап, рухани азық етсе нұр үстіне нұр болар еді.
Т.Ташмакова, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми қызметкері
Пікір қалдыру