Өзің туралы жиі ойлаймын. Кейде өзімнің шешімдерім мен әрекеттеріме ақыл-кеңес қажет болғанда енді ешқашан кеңес бере алмайтын адамнан оны күтетінім ақымақтық болып көрінеді. Басымдағы қалған естеліктер мен дауысыңның дыбысы, еске түскен сөздерің мен ақылдарың менің әрекеттерімнің дұрыстығына күдік келтіретіні де ақымақтық сияқты.
Қайда екенсің деп болжам жасаймын. Мүмкін жоғарыда кездескен адамдармен сөйлесіп жүзіңдегі нұрлы күлкіңді баршаға шашып жүрген шығарсың.
Тағы болжаймын. Маған қарайласып жүрсің бе? Ақымақтық жасағанда, күлгенде, ғашық болғанда маған қарап бас шайқап отырасың ба? Ойланамын. Мен туралы басқа періштелерге айтып беріп жүрсің бе? Қандай кішкентай қыз болғанымды енді қалай ересек әйелге айналып бара жатқанымды басқаларға айтып бердің бе?
Ойланамын. Егер тірі болғаныңда менімен мақтанатын ба едің...
Сенсіз бұл жол маған тым ауыр. Сенің қазаң тек мені ғана қынжылтқан жоқ, білемін. Толқындарға қарап отырып егер сен қазір қасымда болсаң не деп айтар едің, соны ойлаймын.
Мүмкін сен маған жазуды жалғастыр дейтін ба едің. Жазуыңды жалғастыр, үміт өлсе де сөзің өлмесін дейтін ба едің. Мүмкін өз тұлғаңды жоғалтпа, махаббат үшін қатты қапаланба дейтін ба едің. Немесе мені қолымнан салып жіберіп, Құдаймен көбірек тілдес деп айтар ма едің.
Ойлаймын. Мен дұға еткенде мені естимісің, мен шаршағанда қадамдарымды бақылаймысың, мені алға жүруге итермелеймісің?
Түн ортасында жауынның терезеге тиген дыбыстарынан оянғанда тағы ойлаймын- мүмкін менің қасымда екеніңді, мені жақсы көретініңді айтқың келіп соны осылай түсіндіретін шығарсың.
Мен сен туралы жаңбырлы кештерде көп ойлаймын. Күн батыс жақ қызыл арайланып аспан әлемі ұйқыға кетуге ыңғайланғанда сен ойымдасың.
Әрқашан салмақты, байыпты болғаның есіме түседі. Тіпті соңғы сәттерде де...
Кейде мені қатты ашуландырған кездерің есіме түседі, болмашы дүниелерді қатты сағынады екенсің.
Кейде сен мен туралы не ойлап жатыр екен деп соны болжаймын. Менің бір бөлмелік пәтерім жайында, жиналмаған төсегім, шашылып жатқан қағаздарым туралы, мен ғашық болған ер адамдар туралы, қарым-қатынастарым туралы, жазып жүрген сөздерім туралы ойлайтын боларсың.
Егер тірі болғаныңда мен шығарған өлең шумақтарын оқитын ба едің ? Сені тірі кезіңде қазір жақсы көргендей жақсы көре алмағаным үшін мені кешіре аласың ба, сол туралы ойлаймын.
Сені қаншалықты жақсы көретінімді қазір түсінген шығарсың. Солай деп үміттенемін. Тірі болмасаң да, қасымда болмасаң да, менімен мақтана алатын шығарсың деген үмітім ешқашан өшпек емес...
Аударған: Назерке МҰСА