Дағдарыс кәсіпкерлерге қандай мүмкіндіктер береді және Қазақстанда қандай кәсіппен айналысу тиімді?

/uploads/thumbnail/20170710123717784_small.jpg

Қазақстанда жылдан жылға кәсіпкерлердің саны 30% артып келеді. Қазіргі таңда елімізде қандай кәсіп түрімен айналысу тиімді және кәсіпте ешқандай тәжірибесі жоқ кәсіпкер нені білу керек. Осы және өзге де сұрақтарға экономист Мақсат Сералы жауап берді. 

Қазақстанда қандай кәсіппен айналысу тиімді?

Сұранысқа ие кәсіптің ішінде сауда-саттықты айта аламын. Екінші орында шағын кәсіпкерлік. Оның ішінде шағын кәсіпорындар, шағын өндірістер бар. Мәселен, наубайханалар, тауарды қайта өңдеу, шағын құрылыс материалдарды сату, ет өнімдері, ауыл шаруашылығы, бал шаруашылығы. Жылыжайларда түрлі көкөністер мен жеміс-жидек өсірумен айналысу қазіргі таңда өте тиімді.

Өз кәсібін ашайын деп жүргендерге қандай кеңес бересіз?

Кәсіп ашқысы келетін адам мемлекеттік бағдарламаларды толық қанды білгені дұрыс. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Ол грант алу немесе несие алуға қатысты болсын. Кәсіп ашу үшін ең алдымен қаржы керек. Сондықтан мемлекет тарапынан берілетін тегін гранттық жобалар бар. Соларды біліп, қалай қатысу керектігінен хабардар болған дұрыс. Екіншіден, мемлекеттің тарапынан көрсетілетін қызметтер. Яғни, тегін оқыту түрлері. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Бизнестің келешегі» бағдарламасы бойынша кез-келген адам бизнестің кез-келген түрін қалай жүргізуге болатынын біле алады. Қандай салық түрлері бар, оны қалай төлеу керек, жұмыс беруші мен жұмысшының арасында келісім қалай жасалынады. Осы сұрақтың барлығына жауап ала алады. Мәселен, маркетингтік қызмет бойынша әр бастаушы кәсіпкер бизнес жоба дайындайды. Ол бес жылға жасалуы мүмкін. Біздің кәсіпкерлердің қателігі, олар өздері шығаратын немесе өздері айналысатын қызмет туралы толыққанды ақпараттанбайды. Сондықтан осының барлығын жақсылап ойланып жасау керек. Кәсіпкер жан-жақты ақпараттанбағандықтан, банкротқа ұшырататын бизнес саласын таңдауы мүмкін. Нақты бизнес жобасы болмағандықтан, құйған ақшасын жоғалтып жатады. Егер ол сол қиыншылықтарды алдын-ала біліп, соны болдырмайтындай әрекет жасай білсе онда ол банкротқа ұшырамас еді. Сондықтан бастаушы кәсіпкер міндетті түрде мемлекеттік бағдарламаларды білу керек, өзінің айналысатын саласын терең меңгеруі тиіс. Ұсынылатын қызметі де, тауары да  алдын-ала келісім-шартта тұру керек. Мәселен, қарапайым наубайхана тапсырыс алғаннан кейін әрекет етеді. Ал кейбір кәсіпкерлер бірінші нанын пісіріп алып, одан кейін оған тапсырыс берушіні іздейтін наубайханашыларға ұқсайды. Сондықтан кәсіпті бастағанда жақсылап ойластырылған, жүйелі түрде жоспарланған стратегиясы бар нақты қадамдар жасау қажет.

Сөзіңіздің басында мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер туралы айтып өттіңіз. Соларға жеке-жеке тоқталсаңыз.

Мемлекет тарапынан бастаушы кәсіпкерге несие беру, субсидия бар. Ол түрлі салаға жеке-жеке қарастырылған. Олар «Бизнестің жол картса 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, Даму қоры, ҚазАгро финанс және т.б ұйымдар жұмыс істеп жатыр. Олардың өз бағдарламалары бар. Ол жерде де айтарлықтай үлкен жеңілдіктер қарасытырылған. Бастаушы кәсіпкер Даму қоры арқылы 80% дейін несие ала алады. Сонымен қатар, 20 миллион теңгеге дейін несие алады. Ал орта кәсіпкерге 50% дейін мемлекеттік кепілдеме беріледі.

Әр адам кәсіп ашқанда оған ең алдымен ақша құятыны анық. Алайда кей жағдайларда кәсіпкер салған ақшасын қайтарып ала алмай, банкротқа ұшырап жатады. Осыны алдын-алуға бола ма?

Кәсіпкер салық төлейтіні анық. Егер оның жұмысы дұрыс жүрмей жатса, мемлекет оны қатты қыспайды. Керісінше сол қиыншылықты шешуге көмектеседі. Отандық өнім ретінде түрлі жеңілдіктер жасайды. Оған арналған мемлекеттік арнайы бағдарлама бар. Кәсіпкерлер палатасы сот жүйесі арқылы керек емес айыппұлдарды алып тастай алады. Осылайша кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатады.  

Ең бастысы, кәсіпкер өзінің құқығын білуі керек. Кәсіпкерлер палатасының қызметін толық қанды қолдану керек.

Кәсіп ашудағы ең төменгі капиталды атай аласыз ба?

Кәсіпкерлер ісін жеке кәсіпкерлік немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқылы жүргізе алады. Жеке кәсіпкерлікті ашу үшін ешқандай жарнаның қажеті жоқ. Ол қарапайым ғана халыққа қызмет көрсету орталығына жеке куәлігімен барады да екі сағаттың ішінде жеке кәсібін ашады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Ал ЖШС ретінде ашқанда жағдай өзгешелеу.

Кәсіп ашу үшін ешқандай капитал керек емес. Ал нақты іске кіріскенде жұмылатын қаражат әркімде әрқалай. Ол кәсіпкердің айналысатын саласына байланысты.

Дағдарыс материалдық тұрғыда адамға көп мүмкіндік сыйлайды дегенді жиі естиміз. Тіпті кейбір кәсіпкерлер дағдарыс уақытында өз кәсібін гүлдендіре алғанын білеміз. Дағдарыста қандай мүмкіндіктерді пайдалануға болады?

Қазір дағдарыс кезінде кәсіп ашу жылдан-жылға 30% артып келеді. Соңғы 3-4 жылда кәсіп ашып жатқан адамдардың саны көбейіп жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан нарығындағы тауарлардың  басым бөлігі шетелдікі. Рубль, доллар немес т.б шетелдік валютаның өсуінен ішкі кикілжіңдер болып жатыр. Осындай экономикалық жағдай кәсіпкерлікпен шұғылдануға мәжбүрледі.

Қазақстанда барлық шикізат өнімдері бар. Біз тек оны кәдемізге жарата білуіміз керек. Ал ішкі нарықта оған сұраныс бар. Мысалы, тауардың 70-80% импорт.  10-15% ғана отандық өнім. Импортқа төтеп берудің бірден-бір жолы бағаны қолжетімді ету. Себебі Қазақстан өнімінің бағасы импорттық тауарлармен салыстырғанда төменірек болады. Сонымен қатар, біздің өнімдеріміз экологиялық таза. Отандық өнімдерімізді шетелдік нарыққа шығаруға болады.

Қазақстанда қандай сала болмасын бос жерлер көп. Біздің тауарларымызды Еуропаға экспорттауға өте қолайлы жағдай жасалынып отыр.

Қазақстанға көптеп инвесторларды тарту басты мақсаттардың бірі. Алайда инвесторлар үшін көптеген қиындықтар бар екені, соның салдарынан Қазақстанға инвестиция құюға бата бермейтіні де көп айтылып жүр. Кәсіпкерлердің инвесторларды тарту жағы қаншалықты жолға қойылған?

Бұл кәсіпкердің өзіне байланысты. Инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығы зор. Олардың ең бірінші талабы -  мемлекеттік кепілдеме. Себебі ол құйған ақшасы қайтатынына сенімді болу керек қой. Қазақстандағы КазИнвест компаниясы шетелден келген компанияларға инвестиция бере алады. Бізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық портфельдер өте көп. Менің ойымша қазіргі Қазақстанның экономикасы, өндірісі шетелдік инвестиция құюға жақсы, бірақ отандық кәсіпті олардың көмегінсіз-ақ көтеріп алуға болады. Инвестор өзінің құйған ақшасына келіспейді. Ал инвестициялық кепілдемені кәсіпкер бере алмайды.  Осындай да қиындықтарға тап болады. Шетелдік инвестор Қазақстанда кәсіпкерлікті жүргізу қағидасын көп жағдайда біле бермейді. Шетелдік инвесторларға көп үміт арта бермей, шетелдің техникасын, технологиясын үйрену керек.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Әсем Әлмұханбет

Қатысты Мақалалар