Головкин қай ұлттың шапанын киіп жүр?

/uploads/thumbnail/20170708155638251_small.jpg

Әлем ареналарындағы шабытты шайқасының арқасында абыройы «Шалқұйрық» шабыспен заулаған Генамыз біздің бүгінгі мақтанышымыз. Оның әрбір жеңісі Қазақстанның кезекті жарнамасы десе де болғандай. Кәрі құрлықтың жасы да кәрісі де Қазақстанның саяси картасын білмеседе Генадийдің «Made in Kazakhstan» екенін біледі. Бұл жағдай әлемде жер көлемінен 9-шы орындағы елді әлем алдында жарнамалауда 1-ші орын алатынына сенімім мол. Көпкөрім елдің алдында көк байрығымыздың көлбеңдегені көңіл қуантады. Мемлекетаралық деңгейдегі спортшымыз Мемлекеттік рәміздеріміздің Еуропадағы насихатшысы. Еуропа Қазақстанды өз санасында жасаған жалған бейнесін Бораттай боркеміктермен емес болаттай берік балуандары арқылы тани бастады. Ол үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жарайсың Гена! Әңгіме ауаны басқада. Исі қазаққа «иілмес батыр» ретінде танылған боксеріміздің иығына жамылған шапанын қазақтікіне ұқсата алмай-ақ қойдық. Жарыс сайын жауырынан қонақтаған  шапанның назар жыға қараған адам пошымы өзіміздікі  болғанымен «пошиві» өзгенікі екенін аңдайды. Шапан жағалай қонған ою-өрнектердің қазақ қолөнеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Нақтысы қай ұлттың дүниесі екені танымасақ та қазақтікі емес екенін ажырата алар сауаты бәрінде болуы керек, Вконтакте әлеуметтік желісінде Генаның жанкүйерлері осы тұрғыда пікірталас өткізіпті. Отансүйгіш азаматтар арамызда жүр екен. Сол пікірлерден үзінді:

Даука Даутқазы: 

«Достар, өз чемпионымызға сыйлық жасасақ қалай ойлайсыздар? Оған өз ұлттық ою-өрнегімізбен көмкерілген керемет шапан сыйға тартсақ. Шама келгенше қаржылай жинайық та Генаның өзін көрмесек те беріп жіберейік.»

Игорь Алексеев:

«Жақсы идея.»

Жаннұр Тұңғатаров:

«Бұл шапандағы өрнектердің қазақтыкі емес екенін Самұрық қазынаға болмаса Бақтияр Артаев пен Мехметов Айдарға жеткізу керек.»

Даука Даутқазы: 

«Бұл шапанды лауазымды тұлғалар емес, қайта жанкүйерлері сыйлау керек. Олар сыйласа кезекті сыйдың реті деп қабылданады. Қысқасы мені түсіндіңдер деп ойлаймын.»

Аділет Жаңабаев:

«Жаңа шапанның керегі не? Тек қазақтікі болу шарт па? Айтпақшы онда GGG- деген әріптер ағылшынша, мүмкін соны да алып тастарсыңдар?»

Аман Аман:

«Ал біз сыйладық дейік, егер де ол шапанды киген жекпе-жегінде жеңілсе, бір – бірлеп өлтіреді ғой бізді! Аман есімді жігіт өз амандығын тілеп отыр.»

Сәбит Түсіп:

«Жігіттер бұларың не? Гена керек болса өзі-ақ тіктіріп алады.»

P.S

Басым көпшілігі Генаның ұлттық киімімізде шыққанын қалайды. Аз ғана бөлігі осы шапанда қала бергенін дұрыс деп санайды. Шынымен бұл қай ұлттың шапаны болды екен? Іздей келе таптық. Сөйтсек өзбек өз ағамыз екен. Бірақ бұл шапан Генаның иығына қалай жабылғаны беймәлім.

Орынбасар Бақытбек

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар