Бүгінде елімізде экспортты ұлғайтуға арналған барлық шаралар қолға алынып жатыр. Дамыған мемлекеттерде қолға алынатын шаралар бізде де жасалуда.
Алайда нақты нәтиже әлі байқалмайды. Экпорттың көлемі төмендеп келеді, деп xабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Қазақстанда өндіріс орындары толық жұмыс істемейді, тіпті бос тұрған кәсіпорындар да бар. Экспортты арттыруға арналған мемлекеттік қолдау шаралары баршылық. Біз дамыған елдерде қолға алынған шараларды атқарып келеміз. Соның ішінде экспорттық сақтандыру, қаржылық қолдау, сан алуан роуд-шоулар, салықтық жеңілдіктер және тағысын тағы. Соған қарамастан, Қазақстанның экспорты азайып келеді", - деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев бүгін экспортты арттыруға арналған жиында.
Институт басшысының ойынша, қазіргі кезде отандық кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығу қажет. Себебі бұрынғы нарықтар біртіндеп жабылып келеді. "Алысқа бармай-ақ қояйық, бүгінде біздің алкоголь өндірушілеріміз көрші елдерде сан алуан кедергілерге тап болып жатады. Кеден, салық және тағы басқа тосқауылдар баршылық. Соның салдарынан Қазақстанның экспорты төмендеп келеді. Ал отандық кәсіпкерлер дәстүрлі нарықтарға үйреніп, бұрынғы псиxологияға байланып отыр. Соның салдарынан жаңа нарықтарды игеруге құлшыныс жоқ", - деп атап көрсетті Салтыбаев.
Оның айтуынша, Вьетнам, Индонезия, Тайланд, Үндістан, Бангладеш сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне шығу қажет. Өйткені ол жақта ресурстарға да, тауарларға да сұраныс бар. "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында жасалып жатқан инфрақұрылымды барынша пайдаланып, Оңтүстік Кавказға, Түркия мен Таяу Шығысқа, одан ары қарай Еуропаға шығуға болады. Онсыз экпортымызды екі есеге арттыруға арналған Президенттің тапсырмасын орындау мүмкін емес.
Пікір қалдыру