Алматыда «Нұрсұлтан шыңы-2017» альпиниадасы өтті

/uploads/thumbnail/20170803102122571_small.jpg

«Спорттық Алматы» бағдарламасының аясында Астана күніне арналған дәстүрлі «Нұрсұлтан шыңы-2017» альпиниадасы өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Қаланың ақпараттық-спорттық хабының мәліметіне сәйкес, аталмыш шара Шымбұлақ тау шаңғы курортында 5 мың адамның басын қосты. Оның ішінде Еуропа мен Азия елдерінен келген қонақтар қатысты. 4 376 метрді бағындыруға тілек білдірушілер арасында кәсіпкер спортшылар, балалар мен ересектер те болды.

Айтулы додаға 16 жастан жоғары барлық қатысушылар бақтарын сынады, ал одан кішілері ата-аналарымен бірге қатысты. Айта кететін жайт, қатысушылар арасында Қазақстан қалаларымен қатар, ТМД елдерінен келгендер де болды.

"Мен алғаш рет шыңға шықтым. Қазақстанға іссапармен келгенмін, әріптестерім осы спорттық шараға қатысуға кеңес берді. Маған барлығы ұнады. Тағы бірнеше күнге қалу жоспарда бар", - деп бөлісті Ресейден келген қонақ Сергей Садовский.

Сонымен қатар, өз әсерлерімен елорда қаласының тұрғыны Әйгерім Жұмаділова да бөлісті. Бойжеткен Астанадан альпиниадаға қатысу үшін арнайы келген. Атап өтсек, осы жылы айтулы дода 22-ші мәрте өтті.

 - Бұл жарыс туралы тәтемнен естідім. Сөйтіп, ғаламтордан толық ақпаратты тауып, қашан, қай уақытта өтетінін білдім. Астанадан бақ сынауға келдім. Шыны керек, тәжірибесіз, шыңға шығу оңай емес. Бірақ, мен ауыр жеңіл атлетикамен және бимен шұғылданамын. Сондықтан, жеңілірек болды деп ойлаймын, - деп атап өтті Әйгерім.

Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің көмегімен Талғар асуында (3 200 м), ал Алматы қаласы альпинизм федерациясының қолдауымен Нұрсұлтан шыңында (4 376 м) бұқаралық Альпиниада қатысушыларын тіркеу өтті. Нәтижесінде, соңына дейін 290 адам ғана жете алды. Олардың ішінде марафон және скайраннинг шеберлері Альпиниада жүлдегерлері атанды. Ерлер арасында 1 сағат 55 минутта бірінші болып Малик Абду-Асет келсе, ал әйелдер арасында Айжан Жомбатыр шыңды 2 сағат 27 минутта бағындырды.

Мәреде қатысушылар мен Шымбұлақ қонақтарын «Пандора» би тобы сергітті, ал «Галантус» тобы әсем әуен сыйлады. Кішкентай бүлдіршіндердің көңілін сахнада аниматорлар мен Павел Медведь диджейі уөңіл аулады. 

Айта кетсек, Альпиниаданың басты мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау. Жыл сайын шілденің басында дәстүрлі Альпиниада өтеді, онда адамдар теңіз деңгейінен 4 376 метр биік Нұрсұлтан шыңына шығады. Бұл ең биік, әрі керемет шыңдардың бірі.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар