АШМ: 2021 жылда шошқа етін өндіру көлемін 133 мың тоннаға дейін жеткіземіз

/uploads/thumbnail/20170809150226611_small.jpg

Қазақстан Омбы облысынан шошқа етін импорттауды тоқтатты. ҚР Ауылшаруашылық министрлігі Омбы облысынан келетін шошқа етіне тыйым салды. Негізгі себеп: жануарлардың африкалық оба дертіне шалдығуы. Аталмыш оқиғаға байланысты, елімізде шошқа етін өндіру үдерісі біршама төмендегені белгілі. Алайда, бұл оқиға ҚР ауылшаруашылығына қандай зиянын тигізді? Жалпы, елімізде шошқа етіне деген сұраныс қаншалықты көп?

Осы жайтқа байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Ауылшаруашылығы министрлігіне хат жолдап, мәселенің анық-қанығын білуге тырысты. Қазақстан Республикасында шошқа етіне деген қажеттілік қандай және өткен жылмен салыстырғанда шошқа етіне деген сұраныс артты ма әлде кеміді ме деген мәселелер көтерілді.

Айта кетейік, 2000 жылдықтағы шошқа етін тұтыну статистикасына көз жүгіртейік. Қазақстанда шошқа етіне деген сұраныс 2000 жылдардың бастапқы кезеңінде көп еді. Алайда, жыл өткен сайын халық сұранысы кеміп, шошқа етін импорттау біраз бәсеңдеген. Мысалы, 2003 жылы 1368,8 мың жануар басы әкелінген. Ал 2016 жылғы статистикаға қарайтын болсақ, шошқа етінің үлес салмағы едәуір төмендегенін байқаймыз. 2016 жылы бұл көрсеткіш 37,1%-ға дейін төмендеген.

Алайда, 2015 жылғы көрсеткіш жайында бұлай деп айта алмаймыз. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, 2015 жылдың 1 қаңтарында ҚР ауыл шаруашылығында 884,7 мың шошқа өсірілген болса, тамыз айына қарай көрсеткіш 1 млн 40 мың басқа дейін жеткен. Ал 2016 жылдың 1 қаңтарында шошқаның көрсеткіші 861 мың бас болды. Яғни, 2015 жылға қарағанда 23,7 мыңға немесе 2,7%-ға төмендеген. Ал 2017 жылдың көрсеткіші соңғы оқиғалардың салдарынан тіптен де төмен болуы әбден мүмкін.

АШМ мәліметіне сәйкес, 2017 жылы республикада халық саны 18 111,9 мың адам болған жағдайда  шошқа етіне деген қажеттілік 162 мың тоннаны құрап, шошқа етінің нақты тұтынуы 110 мың тоннаға жеткен.

Сонымен қатар, 2016 жылмен салыстырғанда шошқа етіне деген сұраныс 2,3%-ға немесе жылына халықтың санының өсуіне байланысты 3,6 мың тоннаға артқандығы белгілі болды.

Осы орайда, «ҚР болашақта шошқа етінен бас тартады ма әлде керісінше шошқа малын өсіру үдерісі дами түседі ме?» деген сұрақ туындайды.

Бұл мәселеге байланысты министрліктің мәліметінде былай делінген: «2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ет өндіру саласын дамыту – экспорттық потенциалы бар басым бағыт ретінде айқындалды.  Бұл ретте 2021 жылға қарай шошқа етін өндіру көлемін 133 мың тоннаға дейін жеткізу айқындалған. Бағдарламаның мақсаттарын сәтті жүзеге асырудың түйін факторлары айқындалды:

  • Ұзақ жылдарға мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  • Республикада асыл тұқымды шошқаның басын жақсарту, салыстырмалы түрде тиімділігі жағынан еуропалық деңгеймен, яғни аналық басты селекциялық-гибридтік өнімді тұқыммен алмастыру;
  • Асыл тұқымды бас импортын алмастыру;
  • Экспортқа шошқа етін тасымалдауды арттыру;
  • Сапалы азық-түлік өнімдерімен өңір халқын қамтамасыз ету мақсатында тауарлы шаруашылықтар үшін асыл тұқымды гибридтік басты сату.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігімен шошқа шаруашылығын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде».

Естеріңізге сала кетсек, сайтымыздың бетінде өзіміздің көршілес қырғыз бауырларымыз жайлы «Қырғыздар орыстың асынан, тілінен бас тартты. Біз ше?» деген тақырыпта мақала жарық көрген болатын. Мақалаға негізгі арқау болған мәселе – бүгінгі таңда біздің елімізде де көтеріліп отырған шошқа етіне қатысты болған еді. Халық сұранысының төмендеуінің нәтижесінде Қырғыз Республикасының біршама облыстары шошқа етінен бас тартып, аталмыш жануардың етін импорттау ісін ақырындап доғарған болатын.

Алайда, жоғарыдағы мәліметтерге сүйенер болсақ, біздің елімізде аталмыш жануар етіне деген сұраныс жылдан-жылға артпаса, кеміген емес. Демек, елімізде мұндай жағымды жаңалықтардың ауылы әлі де алыс.

Елімізге шошқа жануары, негізінен, Ресейден жеткізіледі. Қазақстанға 2016 жылдың қорытындысы бойынша, 147,9 мың АҚШ доллар сомасына 31 тонна мөлшерінде Ресейден шошқа еті импортталған.

Қазақстан Рсепубликасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, 2017 жылғы 1 шілдеге дейінгі жағдай бойынша, шошқаның негізгі бастары республикадағы шошқаның жалпы 958,7 мың басының 60,9 %-ы (374,8 мың бас) ауыл шаруашылығы құрылымдарында ұсталынады, сәйкесінше, халықтың шаруашылықтарында 39,1% шошқа жануары  (583,8 мың бас) өсіріледі.

Ауылшаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда мемлекетте жалпы шошқаның басы 5,8%-ға төмендегені байқалады. Бұл отандық асыл тұқымды материалдардың себебімен байланысты. Қазақстанға шошқаның асыл тұқымды өнімін әкелудің негізгі көзі Ресей болып табылады, бірақ, қолайсыз ветеренариялық жағдайға байланысты (африкалық шошқа обасы) қазіргі уақытта төлді әкелу қиынға соғып отыр.

Шошқаның тиімді өндірісі орнықты генетикалық потенциалымен өнімділігі жоғары және өндірістік технологияға жақсы бейімделген малдың тұқымын оның өндірісі үшін кең қолданған жағдайда мүмкін болады екен.

Мал шаруашылығы саласын дамыту тиімділігіне қол жеткізу үшін республикада шошқа шаруашылығымен айналысатын агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

2017 жылғы 27 қаңтардағы  Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің № 30 бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және сапасын жоғарылатуды субсидиялау қағидаларының (бұдан әрі - Қағида) 3 тармағына сәйкес тауар өндірушілерге субсидия беріледі:

  • 1 басқа 75 000 теңге көлеміндегі субсидия нормативімен отандық және шетелдік шаруашылықтардан асыл тұқымды шошқа басын сатып алуға кеткен шығынды арзандатуға;
  • Нақты бордағыланған бастан килограммына 55-тен 100-ге дейін шошқа етін өндіру құнын арзандатуға беріледі.

Омбы облысындағы шошқа жануарының африкалық оба дертіне шалдығуы – ҚР ауылшаруашылығындағы шошқа жануарын өсіру үдерісіне едәуір кері әсерін тигізгендігі белгілі.

Алайда, жоғарыда атап өткендей ҚР ауылшаруашылығында бұл салаға болашақта біршама күш жұмылдырылмақ. Сонымен қатар, қаңтардағы  Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылдың 1 ақпанындағы №48 бұйрығымен бекітілген инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының шеңберінде – шошқаны өсіруге арналған техника және жабдық сатып алу үшін инвестициялық субсидияны есептеу үшін 20% көлемінде өтеу нормативі қарастырылған ( 7 бөлімнің жоба паспорты «қуаты шошқа аналығы 1200 бастан бастап шошқаны өсіруге арналған техника және жабдық сатып алу»).

Қорыта келе, Омбы облысынан елімізге жеткізілуі тиіс шошқа жануарларының африкалық оба дертіне шалдығуы – ҚР ауылшаруашылығында шошқа жануарын өсіру саласында кері әсер еткенімен, айтарлықтай зиянын тигізе қойған жоқ. Сонымен қатар, 2017 жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, шошқа етіне қажеттіліктің артуына байланысты, болашақта шошқа малын өсіруге біршама жағдайлар жасалмақ.

Қазақстан – Ислам мемлекеті ретінде шошқа етін қашан да харам деп біліп, мұсылмандарға жат тағам ретінде қараған. Алайда, бұл факті әзірге шетте қалып отырған секілді...

Қамшыгер: Назерке Лабихан

Қатысты Мақалалар