Біз Кеңес одағының жастары емеспіз, Министр мырза!

/uploads/thumbnail/20170708150831485_small.jpg

       «Рух пен тіл» жастарының Ұлттық ғылым академиясындағы кеңестік жазу мен нышандарды алып тастау туралы 6 қараша күні жазылған шағым хатына http://rukhpentil.org/?p=1318 бір апта өткен соң, бүгін, 13 қараша күні Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтан ресми жауап келді. Ресми жауап министрдің жеке блогында жарияланған http://blogs.e.gov.kz/zhumagulov_b/questions/173400 .

Министрдің берген жауабы арқылы биліктің ұлттық саясатта нақты қандай пікірде екеніне, ел егемендігін қадірлемейтініне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Сөйтіп, «Рух пен тіл» ұйымының ұлттық мүддеге бағытталған талабы қанағаттандырылмады. Әдеттегідей, ұлттық мәселе жабық мәселе болып қалды. Оған министрдің бірнеше себептері де бар. Алайда, ұйым жастары министрдің ресми жауабымен келіспейді.     

Министр Жұмағұлов Ұлттық ғылым академиясы ғимараты өзінің архитектурасымен ескерткіш ретінде мемлекет қамқорлығына алынғанын айтып, шетелде архитектуралық ескерткіштердің өзгертілмейтінін тілге тиек етті. Ұйым талабының орынсыз екенін Франция астанасы Парижде ертеден салынған «Ұлдар мектебі» немесе «Қыздар мектебі» деген көне жазудың әлі де сақталғанын мысал еткен. Алайда, ол мектептен Франция Қазақстанның КСРО-дан сияқты зорлық-зомбылық, ашаршылық, саяси репрессия көрді ме? Заты мүлдем екі бөлек нәрсені теңестіруге болады ма? Әрине, жоқ. Мұнда жастар,кеңестік заман жазуы мен нышандарының ұлттық құндылықтарымызбен ұлтық саясатымызға сәйкес келмейтінін айтқан еді. Сондай-ақ, кеңестік нышандарды ақтау алу мақсатында Саранск қаласындағы басқарма үйінінің бірінде әлі күнге дейін «Кеңестер үйі» (Дом Советов) деген жазу мен кеңестік елтаңба сақталынғанын мысал ретінде айтады. Бұл қаншалықты орынды? Саранск Ресейде орналасқандықтан, әлбетте, Саранск үшін КСРО заманы ыстық болар. Бірақ Қазақстанға  КСРО қандай жақсылық әкелді? Биліктегілер осыны ойлады ма екен?! Біздіңше, ойланбақ түгіл, әлі де кеңес заманын аңсайтын секілді. Оны кейінгі жылдары Ақорданың Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік секілді ұйымдарға кіріп, Ресеймен интеграцияны одан ары жақындастыруы дәлел. Сонымен қатар, министрлік өз жауабында «барлық архитектуралық бөлшектерді сақтап қалу келешек үшін аса маңызды» делінген. Сонда, кеңестік заман, оның рәміздері Қазақстанның келешегі үшін қандай маңыздылыққа ие? Болашақ үшін КСРО-ның қазақ жерін төстеп-билеуі, зиялық қауым өкілдерін репрессияға ұшыратуы, халықты ашаршылыққа ұшыратуын еске алып, маңызды деп тануы тиіс пе?! Әлде биліктің «Кеңес заманына қарыздарсыңдар, келешектерің Ресеймен бірге» дегісі келгені ме?

Антиконституциялық заңдар қабылдап, ол арқылы кеңес үкіметінің елестерін елімізде қалдыру ұлтқа қиянат жасау, биліктің Қазақстан тәуелсіздігін мойындамау деп бағалаймыз. Өкінішке орай, қазіргі таңда тиісті заңдар бұрынғы кеңестік жазулар мен нышандарды өзгертуге тыйым салынуда. Алайда, бұған қарамастан, біздің талабымыз жастар биліктің әділетсіз, ұлтын жоюға бағытталған саясатына қарсы екенін білдіруіміз болып табылады. Ұлт тағдырына қатер төніп тұрғанында мұндай қарсылықтар мен наразылықтар тоқтамайды. Өйткені шын мәнінде,  коммунистік дәуір Қазақстан мемлекетін ұлттар полигонына айналдырды, қазақтарды ұлтсыздандырып, мәңгүрт атандырды, тілімізді шұбарлатып, дінімізді бұрмалады. Ендеше, биліктің айтқаны дұрыс па? Биліктің жауабына сіздің айтар ойыңыз қандай?  

13 қараша 2012 ж.

Жумагулов Б.Т.

Құрметті “Рух пен тіл” қоғамдық-саяси ұйымы!

Ұлттық ғылым академиясының «Қазақ ССР Ғылым академиясының» ғимарат кешені 1948-1957 жылдар аралығында салынған күрделі архитектуралық ансамбль. Бұл ғимаратты тұрғызуға ҒА бірінші президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ерекше еңбек сіңірген. Ғимаратты салуға Н.Простаков, А.В.Щусев, В.Экк, М.Павлов, А.Ордабаев, М.Звонцов, Н.Белоусова және басқа сәулетшілер қатысқан. Ғимарат өзінің архитектурасымен ескерткіш ретінде мемлекет қамқорлығына алынған. Шет мемлекеттерде ерте кезде салынған архитектуралық ғимараттар қазірге дейін қалпынша сақталып, олардағы жазуларды өзгертуге тыйым салынған. Мәселен Франция астанасы Парижде ертеден салынған «Ұлдар мектебі» немесе «Қыздар мектебі» деген жазумен қалған ғимараттар көне ескерткіш ретінде сол күйінде сақталып, қазірде аралас (ұл-қыздар оқытатын) мектеп қызметін атқарып отырғаны белгілі. Ресейдің ірі қалаларында көне жазулармен жазылған ғимарттар сол күйінше сақтаулы. Мысалы, Саранск қаласындағы басқарма үйінінің бірінде әлі күнге дейін «Кеңестер үйі» (Дом Советов) деген жазу мен кеңестік елтаңба сақталынған. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі № 1488-ХІІ Заңының «жоюдан, тағылық актілерінен, өңін айналдырудан, жалған дәріптеуден, бұрмалаудан, орынсыз өзгерістер енгізуден, тарихи түпмәтіннен үзіп тастаудан қорғауды қамтамасыз ету» 4-бабына сәйкес жөндеу барысында жазуы бар барлық архитектуралық бөлшектерді сақтап қалу келешек үшін аса маңызды. Өзгеріске тек ғимараттың тысындағы тақтайшада жазылған жазулар ғана ұшырауы тиіс.Сонымен қатар, аталған заңның 27-бабына сәйкес қабылданған «Республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 21 наурыздағы N 279 қаулысымен ғимарат ресми түрде тізімге енген. Осыған орай, «Қазақ ССР Ғылым академиясы», «Академия наук Казахской ССР» жазулары тарихи ескерткіш символикасы ретінде қалуға тиіс деп санаймыз.

 Әуелгі тақырыбы: Бақытжан Жұмағлов "Рух пен тіл" ұйымының шағымына жауап берді. http://rukhpentil.org

Сурет azattyq.org сайтынан алынды

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар