Астана «80 Day Race» дүниежүзілік жарысын қабылдайтын 9 қаланың бірі болды

/uploads/thumbnail/20170816195122850_small.jpg

23 тамызда «80 Day Race» жарысының ортақ негізін салушы Франк Мандерс және «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС директоры Санияр Әйтекенов «80 Day Race» дүниежүзілік жарысының шабандоздары аялдайтын тоғыз қаланың бірі ретінде Астананың додаға қатысатыны жөнінде меморандумға қол қойды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жөнінде Нидерланд Корольдігінің павильонында өткен баспасөз мәжілісі кезінде белгілі болды. Қазақстандық журналистер іс-шара аясында аталған жарыстың құрметті өкілі атақты Бертран Пиккармен, «80 Day Race» жарысының ортақ негізін салушы Франк Мандерспен және де Астанаға өзінің «Nissan Leaf» электромобилімен келген жарыстың қатысушысы Крис Рамсимен кездескен болатын.

«Қазақстан – жаңа болашақты жасап, қарқынды дамып келе жатқан инновациялық, биік мақсаттарды көздеген ел. Ал Астана – ел дамуындағы нәтижелереді айшықтайтын қала. Қазақстанның жаңа дүниелерге деген ашықтығы және де болашақ технологияларға инвестиция құюға деген ниеті ЭКСПО-2017 «Болашақ энергиясы» жобасы арқылы жүзеге асып отыр. «80 Day Race» жарысы да болашақ технологияларды кеңінен таратуды көздейді. Жоба жаңа, таза, жарқын келешекке өз үлесімізді қоссақ, тұрақты технологиялардың дамуына жағдай жасасақ деген ниетімізден туындады. Астана «80 Day Race» жарысын қабылдауға келіскеніне біз аса қуаныштымыз», - деді «80 Day Race» жарысының ортақ негізін салушы Франк Мандерс.

«80 DAY RACE» дүниежүзілік жарысы – 2019 жылы өтетін ауқымы жағынан теңдесі жоқ дода. Оның аясында 40-қа тарта команда 40 000 шақырымға созылған жолды жүріп өтіп, 80 күн ішінде Парижге оралуға тырысатын болады, олар күніне 500 шақырымнан аса жолды еңсеретін болады. Шабандоздар тек жаңартылмалы қорларды тұтынатын және де іштен жанатын қозғалтқышсыз жұмыс жасайтын көлікпен ғана жарысатын болады.

Баспасөз мәжілісіне келген спикерлер атап өткендей, «80 Day Race» сынды ауқымды доданы өткізу идеясы Нидерландта туындапты. Іс-шараның басты мақсаты - экологиялық таза көлік туралы және де жасыл технологияларды кеңінен қолдануға болатындығы жайлы бүкіл әлем жұртшылығын хабардар ету.

 «Біздің әлем халықтың өмір сапасын жақсартудың жаңа жолдарын табуы тиіс. Қоршаған ортамызды ластап отырған ескі құрылғыларды заманауи әрі таза технологияларға ауыстырайық. Энергияны үнемдеп, қоршаған ортаны қорғауға

 

 

 

мүмкіндік беретін өнімдер арқасында ғана тұрақты өсуге болады. Ал бүгінгі күні экология мен экономиканы біріктіру мүмкін болып отыр», - деп атап өтті баспасөз мәжілісі кезінде «80 Day Race» жарысының құрметті өкілі Б. Пиккар.

Жарысты ұйымдастыруымен айналысып отырған команда осындай додаларды өткізу жағынан көп жылдық тәжірибесі бар, атап айтқанда, дүниежүзіне танымал «Paris Dakar» және «Volvo ocean race» сынды жарыстарды ұйымдастырған. Шабандоздар Париждегі Эйфель мұнарасынан бастап жолға шығып, жүретін жол бағытын және экологиялық көлігін өздері таңдай отырып, 8 ірі қала арқылы жер шарын айналып саяхат жасамақ.

2017 жылдан бастап командалардың дайындығын бақылап отырған «National Geographic» телеарнасы бүкіл әлем бойынша 4 сериялық деректі фильмді көрсететін болады. Ұйымдастырушылар «80 Day Race» жарысын әрбір 3 жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар