Айнаның бетін неліктен жабу керек және оның мәйітке қандай қатысы бар?

/uploads/thumbnail/20170824173001948_small.jpg

Кісі қайтыс болған үйдегі айнаның бетін жауып қою – сонау көне славян халқында орын алған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі ihsan.kz-ке сілтеме жасап.

Оның мәнісін әртүрлі етіп түсіндіреді. Соның бірінде, айна екі жақтылық нышаны боп табылады-мыс. Яғни, айна о дүние мен бұ дүние арасындағы және тылсым әлем мен материалдық дүние арасындағы байланыс құралы, көпір іспетті. Сондықтан мәйіт шыққан үйдегі айналардың бетін үш күн бойы жауып қоятын болған. Өйткені, марқұмның рухы үш күн ішінде денеге оралуы мүмкін екен. Егер осы сәтте рухтың бейнесі айнада көрінсе, онда ол денесіне қайта орала алмай, арғы өмірде мәңгіге қалып қалады-мыс.

Әлгіндей ырым Исламда негізсіз болып табылады. Соған сеніп, арнайы сол үшін қайтыс болған үйдегі айна бетін жабу дұрыс емес. Ешқандай  зат (аталмыш мағынада) о дүние мен бұ дүние арасында көпір бола алмақ емес. Және өлген кісінің рухы о дүниеге аттанғаннан кейін осы дүниеге қайта оралмайды. Бұны Құранда былайша баян еткен:

«Егер олардың әлдебіреуіне өлім келсе: «Құдайым! Мені дүниеге қайтара гөр! Мүмкін мен қалдырған дүниеде ізгі амал істермін», – деп (жалбарынады). Әсте (олай болмайды)! Шынында бұл босқа айтылған сөз (тілектері жүзеге аспайды). Олардың артында қайта тірілетін күнге дейін бөгет бар». [Мү’минун сүресі, 99-100 аят].

Абдусамат Қасым

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар