Мен түсімде көрдім Ахаң, Жақаңды,
Қанша Ұлы бар және олар қатарлы.
Он бір жасар Атилладай немерем,
Отыра қап, аталардан Бата алды.
Жібігендей іште қатқан тоңдарым,
Ұлы аталар: сол жағым мен оң жағым.
Қазақтағы Ұстаздардың Ұстазы:
-Бісміллә!-деп, Ахаң жайды қолдарын,-
-О, Құдайым, оңдасын,
Еш жамандық болмасын!
Қазағымның басына
Жақсы заман орнасын!
Дұшпандары сорласын,
Қазағымды қашан да
Қыдыр келіп қорғасын!
Ал, кішкентай балақай,
Жолың дәйім оң болсын!
Ақ пейілің кең болсын!
Асыл тегің саналар,
Қазақ – Ұлы Ел болсын!
Дәу жігіт бол, ұлық бол,
Ұлық болсаң, кішік бол!
Қазағыңның намысын
Таптатпайтын жігіт бол!
Ата-анаға сүйікті ең,
Жауың - күйсін күйіктен,
Ұлтың үшін қашан да
Көрініп жүр биіктен!
Әумиін!-деп, Ахаң берді батасын,
Немерем де алқалап жүр атасын...
Қайран халқым, сен, қашан да аман бол,
Аман болсаң, Бақыт дәмін татасың!...
Көрген бар ма, Ұлы Ахаңдай дананы,
Немеремнің екі көзі қуаныштан жанады.
Содан кейін, Ахаң, сәл-пәл тыныстап,
Жанындағы Міржақыпқа қарады.
-Біз ежелден Қазақ деген ел едік,
Ұлтымызды ешкімнен кем демедік.
Қонағына мол дастархан жаятын,
Жақсыларға айдын-шалқар көл едік.
Не болса да, біз демедік: «кеш пе еді?»
Ең бірінші, Намысымыз өшпеді!
Қуғын-сүргін, шапқын, қырғын сияқты
Біздің Қазақ нені бастан кешпеді...
Жүз жыл бопты, біз кеткелі арада,
Не өзгеріс, мынау Ұлы Далада?..
Біздің Қазақ Ұлт болды ма еңселі,
Жаңғырды ма, біздің Ұлттық сана да?
Түсінемін, бастан бәрі өтті ме,
Ұлттың қолы өз аузына жетті ме?
Қайран Қазақ, ел болдың ба іргелі,
Баяғы ұйқың, келмес жаққа кетті ме?-
Деп, ойланып, Жақаң бізге қарады.
«Қазағымды қалай айтам, жалалы?
Содан бері тура ғасыр өтсе де,
Қалай айтам, Қазақ жанын жаралы?..)
Ұлы аталар, бостандыққа жерікпін,
Жүз жыл өтті, олар үшін өлікпін...»-
Деп, ішімнен ойласам да, мен байғұс,
Басымды изеп, төмен қарай беріппін...
«Кешір бізді, о тарих қахарлы?..»-
Деп, көзіммен аймалаймын атамды...
-Асығыс ек, кешіріңдер, халайық,
Қысқа ғана қайырайын Батамды?-
Деп, Міржақып, қолын жайып:
-О, Аллам!
Тапшы арманын Қазағымның жоғалған?
Мына ұрпағым, өз көзімен көрсінші,
Қазағымды бар жағынан оңалған!
Бұл өмірде жолың болып таңдаған,
Бар жағынан Бақытты бол, ал, балам!
Бұл Батамды батам деп біл және де
Мына саған, бар Қазаққа арнаған!,
Деп, жатқанда мен түсімнен ояндым,
Таң атыпты, ақ сәулеге бояндым
Қуаныштан дүрс-дүрс еткен жүрегім,
Жүрегімді қайда, қалай қоярмын...
Ахаң, Жақаң!.. Қазақ үшін туыпты!
Деп, ойлаймын: «Неткен жандар білікті?!.»
Төсектегі немереме қарасам,
Ол да бүгін таңмен ерте тұрыпты...
Жұмаш КЕНЕБАЙ КӨКБӨРІ,
07.09.2017 жыл.