Кім біледі ғазиз басы Кейкінің
Тәнсіз қалған қалпына не дейтінін?!
Білеміз біз қорқау қасқыр қу бастың
Көздерінің майын алып жейтінін.
Сол бір баста құлақ пенен ауыз бар,
Тек көздерін жаба алмапты жауыздар.
Басы жоқ тән елдің ішін әлі де
Кезіп жүрген елес деген аңыз бар.
Кене ханның қолды болған басындай
Ақиқатты айту керек жасырмай.
Сарбаздар көп шейіт болған шайқаста,
Сабаз еді көбі сайдың тасындай.
Сұқ саусағын кезегенде сестілер,
Өлген басқа ел қайғысы естілер.
Аяқ-қолым аман болса болды деп
Жүрген басқа, бәлкім, ақыл кеш кірер.
Тосын болса қас батырдың ажалы,
Ұстап берсе өз қандасы –қазағы,
Жерді былғап жүргеніне мәз болған,
Есіл ерді жоқтайтындар аз әлі.
Сорлы заман көткеншектеп, кер кеткен,
Соры қалың ердің жасын көлдеткен.
Жан-жарының ішін жарып, ұрпағын
Істікке ілген не күтесің жендеттен?!
Қолы қалған ердің семген денеде,
Соры қалған айдалада, төбеде.
Аңдып жүрген жауын тура ата алмай
Қапы қалса, оған басы сене ме?!
Сұрқияның дәуіріне кез келген,
Мезі болған алып-қашпа сөздерден,
Сұмырайды көздеп тұрған секілді
Бесатарын тастамаған қолмерген.
Ғазиз басы мұнда жатқан адамның
Бейнесіндей соқыр, керең қоғамның.
Қайран, елім!
Жоғалмасын бастарың,
Жоламасын бұдан былай саған мұң.
Парқын біліп адал менен арамның,
Жігін ашып халал менен харамның,
Есі кірген естиярлар көбейсін,
Ерлік ісін мақтан етер бабаңның.
Ақылбек Шаяхмет