Бүгін Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің командалары реваншты өткізу бойынша келіссөздерді бастауды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасай отырып. АҚШ-тың 13 сағаттық уақыт айырмашылығына байланысты қазір бейсенбі - 21 қыркүйек екенін еске саламыз.
«Golden Boy» промоутерлік компаниясының басшысы Эрик Гоместің айтуы бойынша, келіссөздерге арналған алғашқы кездесу АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында өтетін болады.
«Ең бастысы, екі боксшы да қарымта жекпе-жекті, реваншты қалап отыр. «Мексиканың «Синко де Майо» мейрамына арналған демалыстар (5 мамыр, сенбі) ең ыңғайлы уақыт болатын секілді. Бізге аталған күн ұнап тұр. Себебі ол үлкен бокс кешін ұйымдастыруға қолайлы болады. Сонымен бірге басқа спорттық шараларға да кедергі жасап отырған жоқ. Сол кезде әдеттегідей Кентуккидегі ат жарысы болады. Бірақ одан басқа универсиеттер арасындағы футбол, Ұлттық футбол лигасының ойындары да өтпейді. Бейсбол сәуір айында басталады. Ал баскетбол плей-оффқа енді жақындай бастайды», - деді Гомес The Ring журналына берген сұxбатында.
Айта кететін болсақ, бұған дейін GGG-дің промоутері Том Леффлер де аралық жекпе-жектерге қарағанда, Сауль Альвареспен реванш өткізуге басымдық беріп жатқанын жеткізген болатын. Бұны Генаның өзі қалап отыр деген. Бірақ Альварес мамыр айында реванш өткізуге келіспесе, оған дейін британдық боксшымен кездесуі мүмкін деп те айтқан еді.