2020 жылы Қазақстан-Беларусь тауар айналымы $1 млрд. құрайды

/uploads/thumbnail/20170923105657083_small.jpg

22 қыркүйек күні Қарағандыда Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 13-отырысы өтті. Бұл жайында Qamshy.kz ақпарат агенттігі Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақстандық тарапты ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А. Мамин, Беларусь тарапын – БР Премьер-министрінің бірінші орынбасары В. Матюшевский басқарды.

ҮАК отырысы барысында сауда, инвестициялар, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, ғылым және технологиялар, көлік және логистика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Асқар Мамин Қазақстан мен Беларусьтің Еуразиялық экономикалық одақтағы, посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық бірлестіктерге қатысуы секілді барлық деңгейдегі мемлекетаралық байланыстарының табысты жүргізіліп келе жатқандығын атап өтті. 

Тараптар алғашқы жеті айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда айналымының артқандығын ерекше атап өтті. Мәселен, 2017 жылғы қаңтар-шілде аралығындағы сауда айналымы $313,7 млн. құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 75,6% өскендігі байқалды.

«2020 жылдарға қарай екі ел арасындағы сауда айналымын 1 млрд. АҚШ долларына жеткізуіміз керек», — деп атап өтті А. Мамин.

ҮАК қазақстандық тарабының теңтөрағасы А. Маминнің айтуынша, Қазақстан мен Беларусь мемлекеттерінің өнеркәсіп кооперациясы, көлік-логистикалық секторда, ғарыш саласында, агроөнеркәсіп кешенінде, мәдени- гуманитарлық және ғылыми-техникалық салаларда бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыруға әлеуеті жеткілікті.

Тараптар Қазақстан мен Беларусь арасындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мен шығаратын өнімдердің түрлерін көбейтіп, аудандастырудағы екі жаққа да тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ықылас танытты.

«Соңғы жылдары өңіраралық ынтымақтастықта тұрақты қарқын байқалады», — дей келіп В. Матюшевский «бүгінгі таңда Беларусьта қазақстандық инвестициялардың қатысуымен 100-ден астам кәсіпорын қызмет ететінін, Беларусь тарабы инвестициялық жобалар мен өзара тиімді инвестицияларды одан әрі жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Тараптар мал және өсімдік шаруашылығы, мелиорация және жерді суландыру секілді салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін, ынтымақтастықтың келешекті бағыттары бойынша бірлескен жұмыс тобын құру мүмкіндігін қарастырды.

Бұдан өзге, қазақстандық компаниялардың ауыл шаруашылығы өнімдерін Беларусьқа, ал Беларусь өнімдерін Қазақстанға жеткізу мәселелері талқыланды.

Биыл қарашада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Беларусь Сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында Қазақстан-Беларусь Іскерлік кеңесін құру жөніндегі келісімге қол қою жоспарланып отыр.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясының 13-отырысының қорытындысы бойынша тиісті Хаттамаға қол қойылды.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А. Мамин Қарағанды облысына сапары барысында «Оңтүстік — Солтүстік» автокөлік дәлізінің Қарағанды – Теміртау теліміндегі құрылыс барысына тексеру жүргізіп, құрылыс басында көшпелі кеңес өткізді. Аталмыш жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 14 шақырымдық автожолда жолдың үстіңгі жабындысы төселіп, көліктік жол айырықтарының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс нысанын 2018 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Қазіргі таңда жол құрылысын жүргізушілердің алдындағы басты міндет – жергілікті тұрғындардың қатынауына қиындық туғызбай, жол телімін жаңғырту жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы етіп тапсыруды қамтамасыз ету», — деп атап өтті А. Мамин. 

А. Мамин өңірге сапары барысында «ҚазБелАЗ» БК, тау-кен байыту жабдықтарын шығаратын кәсіпорын, автокөлік құралдарын кәдеге жарату кешені, жобалық қуаттылығы жылына 4 млн. инъекциялық препараттар қорабын шығаратын фармацевтикалық кәсіпорында болып, олардың жұмыстарымен  танысты.

Қатысты Мақалалар