Денсаулық сақтау саласында адамның ағза мүшесі мен тіндерін ауыстыру медицинаның ірі жетістігі болып саналады. Бүгінде әлемнің озық мемлекеттерімен бірге елімізде де мүше трансплантациясы сәтті жүргізіліп келеді.
Мүше трансплантациясын қарапайым тілмен жеткізер болсақ, бір адамның мүшесін екінші адамға ауыстыру дегенді білдіреді. Яғни донордың өз келісімімен өзге адамға мүшесін беруі. Осы орайда айта кететін жайт, жалпы бүйрек трансплантациясына тірі адам донор бола алса, жүрек, бауыр сияқты дене мүшелері белгілі бір жағдайда көз жұмған адамнан ғана алынады. Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен келіп түскен мәлімет бойынша, облыста 31 науқас бүйрегін алмастырған. Оның 26-сының отасы елімізде жасалса, бесеуі алыс шетелде жасалған. Қазір олардың барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Бүгінгі таңда өңірде 99 адам бүйрегін алмастыру үшін күту парағына тіркелген. Облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, 2017 жылдың сәуір айында бүйрек алмастыруға арналған күту парағына есепке қою үшін облыстық қан орталығы мен екі диализ орталығына, яғни «Нефрос-Азия»-ға 79 адам, «Биос» -қа 20 адам қан тапсырған. Бүйрек алмастырудан кейін реципиенттерді есепке алу МСАК ұйымдарында жүргізіліп, мұнда оларға иммуносупрессивтік препараттар беріледі екен. Ал нефрологтың консультациясы тәулік бойы жүргізіліп, шұғыл жағдайларда нефрологиялық төсектерге жатқызылады. Сондай-ақ өңірде жылына 500-ден астам күрделі жоғары мамандандырылған оталар жасалынуда. Атап айтсақ, травматологияда жамбас және тізе буындарын эндопротездеу, артроскопиялық оталар, ал нейрохирургияда омыртқа жарақаты кезінде, тамыр хирургиясында және кардиология күрделі оталар сәтті жүргізіліп келеді. Елімізде 2013 жылдан бастап донорлары туыс болып келетін науқастарға трансплантация отасы жасала бастаған болатын. 2013 жылы бесеу, 2014 жылы жетеу, 2015 жылы алтау, 2016 жылы бес ота жасалса, оның біреуіне теріс нәтиже көрсетіп, гемодиализге кері қайтарылған. Ал 2017 жылдың сегіз айында бүйрек алмастырылған төрт науқастың екеуі бүлдіршін екен.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы