Облыстық клиникалық ауруханаға - 150 жыл

/uploads/thumbnail/20170924022311328_small.jpg

Хадиша Бөкеева атындағы  қазақ драма театрында Батыс Қазақстан облыстық клиникалық аурухананың 150 жылдығы  салтанатты түрде аталып өтілді.

Мерекелік кешке  аталмыш мекеменің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Шара аурухананың тарихы, бүгінгі жетістіктері мен сала ардагерлерінің естеліктерінен құралған бейнефильмді тамашалаудан басталды.

- Сонау 1867 жылы құрылған алты кереуеттік стационар бүгінде 150 жылдық тарихы бар, уақыт талабына сай іргелі мекемеге айналып отыр. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазылғандай, бұқаралық сананы өзгерту үшін қоғам өзінің тарихына мән беріп, оны дәріптеп, айтулы оқиғаларды біліп отыруы керек. Бүгінгі таңда облыстық клиникалық аурухана кеңесші емханасы бар, шұғыл көмек көрсете алатын, облыстың барлық тұрғындарына қолжетімді, науқастарды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ете алатын ең ірі ауруханалардың бірі. Қазіргі уақыт талабына сай денсаулық сақтау саласына көптеген өзгерістер мен реформалар енгізілуде, - деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов құттықтау сөзінде.  Сондай-ақ ол «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде атқарылып жатырған бірқатар  істерге, жетістіктерге  тоқталып өтті. Шара барысында Арман Кәрімұлы хирург-дәрігер Ербол Есеев пен  дәрігер-эпидемиолог Динара Мәжитоваға облыс әкімінің «алғыс хатын» табыс етті. Осы орайда айта кетсек, жалпы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жұмысы негізгі демографиялық көрсеткіштердің жақсаруымен, оқыту-клиникалық орталығының құрылуымен, қалалық жедел-жәрдем станциясы базасында «Симуляциялық орталығының» ашылуымен, облыс бойынша оңалту емінің дамуымен, медициналық ұйымдардың медициналық ақпараттық жүйеге 100% қосылуымен ерекшеленіп келеді. Ал биыл облыс бойынша 19 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткен еді.

Салтанатты шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қала әкімдігі және аталмыш аурухана басшылығы тарапынан медицина саласының бірнеше қызметкері мерекелік төсбелгі, сый-сияпатпен марапатталды. Кеш өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен өрілді.

 

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар