Жүрек дерті - түрлі аурулардың асқынуынан немесе жүрек және қан тамыр жүйесі қызметі бұзылуы мен зақымдануынан пайда болады.
Жүрек-қан тамыр аурулары ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады немесе өлімге әкеліп соқтыруы да мүмкін. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың мәліметінше, аталмыш дертпен өңірде биыл 64613 науқас диспансерлік есепке тіркелген. Оларға облыстық кардиологиялық орталығы мамандандырылған кардиологиялық және жоғары мамандандырылған кардиохирургиялық қызмет көрсетілуде. Сондай-ақ оның айтуынша, өңірде ревматизм, гипертония, жүрек ақаулары, жүрек демікпесі, миокард инфаркті секілді жүрек ауруларының түрлері жиі кездеседі екен. 2012 жылдан бастап облыс бойынша материалдық-техникалық базамен жабдықтаудың жақсаруымен, жіті коронарлық синдром алгоритмі енгізілуімен аталмыш дерттен өлім-жітім саны азайып келеді. Облыстық кардиологиялық орталықта аорто-коронарлық шунттау, туа біткен жүрек ақауларына, жүре пайда болған жүрек ақауларына ота жасау, жүрекке электро кардиостимулятор орнату оталары жасалып келеді. Аталмыш оталарды Жанайдар Қазтуғанов, Руслан Аюпов, Талғат Гусманов, Ақылбек Ермұханов секілді білікті кардиологтар жасауда. Мамандардың айтуынша, артық салмақ яғни семіздік, жүрек- қан тамыры ауруларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы болып табылады екен. Сондай-ақ жүрек-қан тамыры ауруларын қоздыратын тағы бір себеп - күйзеліс, торығу жағдайлары. Ол адамдарды жасына қарамай, жүрек талмасына ұшыратуы мүмкін. Жалпы көңіл күйдің толқуы, мазасыздануы, адамның миы арқылы беріледі. Жағымсыз эмоциялар вегетативтік жүйені қоздырады, одан барып ағзадағы қан айналымына, ішкі органдарға, эндокриндік бездердің қызметіне әсер етеді екен. Соның салдарынан ағзадағы гормондардың балансы бұзылады. Оның әсері жүрек соғысының, ырғағының бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне, бұлшық еттердің, қан тамырларының тартылуына апарады. Мидың қан айналымы нашарлайды, мидың клеткаларында оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Жүректің, мидың қан тамырларының қысылуы инфаркт, инсульт сияқты ауыр жағдайға алып келуі мүмкін, немесе жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, асқазан жарасы секілді созылмалы ауруларға ұшыратады. Сондықтан ақ халатты абзал жандардың кеңесі бойынша, жүрек дертінің алдын алу үшін салауатты өмір салты мен көңіл күйді бір қалыпты
ұстанған жөн.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру