Бір қолына фаст-фуд өнімін алып, екіншісіне «Кока-коласы» мен қытырлақ картобын (чипсы) ұстап, көшеде қомағайлана ауқаттанып бара жатқан жастарды жиі кездестіреміз. Алайда аталмыш өнімдер шамадан тыс артық салмақ қосудың көзі екенін бірі білсе, енді бірі біле бермес.
Еліміздегі денсаулық сақтау саласына енгізілген «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын ұстануды қалыптастырып, санитариялық және дене мәдениетін дамытудың негізінде халықтың өз денсаулығы үшін жауапкершілігін арттыру мәселесі болатын. Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқарма басшысы Қанат Төсекбаевтың мәліметінше, өңірде шамадан тыс артық салмақ бойынша 154 ересек адам, 19 жасөспірім, 197 бала диспансерлік есепке тіркелген.
-Семіздіктен арылудың тиімді жолы – дұрыс түзілген тамақ рационы. Мүсіннің мінсіз, деннің сау болуы үшін күнделікті тұтынатын тағамға талғаммен қараған жөн. Құрамында холестерин, май, түрлі дәмдеуіштері бар тағамдарды жиі қолданбаған дұрыс. Таңертең міндетті түрде ботқа немесе ірімшік жеген дұрыс. Ал түскі тағамға міндетті түрде ыстық тамақ пен көкөніс салаттары болғаны абзал. Жалпы адам ағзасының толыққанды тынығуы үшін кешкі ас мәзірінің алатын орны ерекше. Кешкі сағат 19:00-ден кейін тамақтанбаған дұрыс, өйткені ағза осы уақыттан бастап бәсеңдеп, демалуға әзірлене бастайды. Ал кешкі асты кешіктіріп тұтынсаңыз, түн ортасына дейін ас қорыту органдары тынығудың орнына ішкен-жегенді қорытумен айналысады да, тұтастай тәнді тынықтырудың орнына тұралатады. Сондықтан түнде адам мазасыз күй кешіп, таңертең шаршап, енжар күйде оянады. Ең дұрысы, аз-аздан күніне бес рет тамақтанған жөн. Тұтынатын тағам құрамында неғұрлым көкөніс өнімдері, табиғи су, жеміс-жидектер қорының мол болғаны жақсы,- дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Мөлдір Құрмашева.
Осы орайда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлем халқының 1/5 бөлігі немесе 1,7 млрд адам артық салмақтылар қатарына жатқызылатынын айтқан болатын. Бұл топтардағы адамдардың 250 миллионы созылмалы семіздік ауруы мен оған қосарлана жүретін кең таралған ауруларға шалдыққан. Сондай-ақ әлемдегі мезгілінен бұрын болатын әрбір үшінші өлім-жітімнің себебі семіздік пен адамның аз қимылдауынан туындайтын аурулармен байланысты екендігі дәлелденген.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы