Батыс Қазақстан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Дания Ысқақованың айтуынша, дерт көктем, жаз айларында көбірек қозады екен. Себебі бұл мезгілдерде күн ысыған соң тағамдар тез бұзылып, дерттің тұрғындар арасында жиі таралуына ықпал етуде.
Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар мен вирустардан пайда болып, балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) қатар ағзаның улануымен сипатталатын жұқпалы дерт. Облыстық денсаулық сақтау саласының мамандары аталмыш індеттің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
Өткір ішек аурулары адам ағзасына ауру қоздырғыштарының тамақ, лас су, жуылмаған ыдыс және басқа да тұрмыстық заттар арқылы түсуі нәтижесінде пайда болады. Дерттің аса қауіптісі де тамақ арқылы жұғу жағдайында. Ал тұрмыстық жанасу - жас балалардың, оқушылардың өткір жұқпалы ішек дертімен науқастануының басты себебі болмақ. Маманның пікірінше, жұқпалы ішек ауруларымен ауырмау үшін кездейсоқ сауда орындарынан тағам өнімдерін, ыстық сусындар сатып алмаған жөн. Базардан сүт тағамдары мен көкөністерді аларда сақтықпен қарап, мерзімі өткен тағамды мүлдем тұтынбау қажет. Сондай-ақ ас дайындау, ыдыс жуу және ауыз су үшін ашық су көздерінен, арықтардан суды пайдаланбаған ләзім. Оның айтуынша, жұқпалы ішек ауруларының бірнеше түрі болады екен. Олардың түрлеріне байланысты клиникалық белгілері де әр қилы. Алайда аурудың жедел басталуы, дене қызуының көтерілуі, құсу, іш өту, мазасыздану, бас ауруы, іштің, соның ішінде кіндік айналасының ауық-ауық бүріп ауруы – жұқпалы ішек ауруының басты белгісі болмақ. Диарея мен құсудың салдарынан ағза құрғақшылыққа ұшырап, әсіресе сәбилердің өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан жұқпалы жедел ішек ауруының алғашқы белгілері басталысымен, дәрігерге қаралып, ауру асқынуының алдын алған жөн.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру