Есірткі жарға жығады

/uploads/thumbnail/20170924025950042_small.jpg

Мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасының басты мақсаты  -  халық денсаулығын нығайту және қорғау.  Осы орайда үздік халықаралық тәжірибеге сүйенсек, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытудың  негізі қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру болмақ. Қоғамдық денсаулық сақтаудың  қызметі   мүдделі мемлекеттік органдармен  өзара іс-қимыл  негізінде  кеңестер беріп, салауатты өмір салтын насихаттау және  тұрғындарды  қоршаған ортаның түрлі зиянды факторларынан, дұрыс тамақтанбаудан, жұқпалы дерттерден сақтандыру және  алдын алу болып табылады.  Облыстық денсаулық сақтау мамандары есірткі, шылым секілді зиянды әдеттерден аулақ болу мақсатындағы  шараларын  жүйелі жүргізіп келеді. Айта кетсек, облыс бойынша есірткіні залалды тұтынумен және оған тәуелділікпен наркологиялық есепте 671 нашақор тұрса, оның ішінде 524-і диспансерлік есепке, 147-сі профилактикалық есепке тіркелген. 

 Есірткінің «ауыр» және «жеңіл» болып бөлінуі – оның 1 грамындағы улы заттардың көлеміне байланысты екен. Алайда  есірткінің аз мөлшері де ағзаны уландырады. Адамның ойлау қабілеті, есте сақтау қабілеті біртіндеп кеміп, ашуланшақ және агрессивті болады. Шектен тыс қорқу сезімі пайда болады. Белгілі бір уақыттан кейін жеңіл есірткі қанағаттырмай, адам есірткінің ауыр түріне көшеді. 

-Есірткімен күресті ең алдымен мектеп қабырғасынан бастауымыз керек. Егер бала оның зияны мен азабы туралы хабардар болса және оның дертінің ауыр  мәселе екендігіне көзін жеткізе білсек, сонда ғана балаларымызды сақтандыра алдық деуімізге болады. Әрине, есірткінің таралу жолына өте қатаң тыйым салу мен жазалау жүйесін қарсы қоюға болады. Бірақ, қоғам мүшелері тұрғысынан сұраныс болған жағдайда, оны тіпті өлім жазасымен де тосқауылдай алмайсың. Демек, ең алдымен сұранысты азайтуымыз керек. Баланы тек үркітіп-қорқытпай, оның саналы түрде есірткіден бас тартуына жағдай жасау керек,- дейді  облыстық салауатты өмір салты орталығының маманы Мөлдір Құрмашева.

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар