2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мәселесі көтерілген болатын. Облыстық денсаулық сақтау саласында бәсекелестікті дамыту үшін денсаулық сақтау нысандарын жекешелендіру шеңберінде бірқатар шаралар жүзеге асуда. Айта кетсек, ШЖҚ «№4 қалалық емхана» МКК-ны сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға, ШЖҚ «Облыстық кеңесші-диагностикалық орталық» МКК-ны сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру және ШЖҚ «Облыстық стоматологиялық балалар емханасы» МКК-ны жекешелендіру жұмыстары жүргізілуде. Ал облыста дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығына ие 470 дәріханалық ұйым айналысуда. Олардың 126-сы мемлекеттік, 344-і жеке меншік дәріхана желілері. Сондай-ақ өңірде 28 мемлекеттік аурухана болса, екеуі жеке меншік («Медициналық орталық» ЖШС, «Талап» АҚ) құқығына ие аурухана қызмет атқарады. Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы халық денсаулығын сақтаудың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту, медициналық қызметтің сапасын қамтамасыз ету, ынтымақтастықты енгізу және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін және денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Медициналық қызметтер сапасын қамтамасыз ету үшін барлық медициналық ұйымдарда пациентті қолдау және ішкі бақылау қызметтері құрылған. Тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қаланың алты емханасында және «Деркөл» дәрігерлік амбулаториясында электрондық кезек жүйесі енгізілген. Аталмыш жүйе медициналық ұйым ішінде медициналық қызметтерді алуға пациенттердің жолдануын реттейді. Бұл жүйе алдағы уақытта Бөрлі, Ақжайық, Зеленов аудандық орталықтандырылған ауруханасына енгізу жоспарланып отыр.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру