«Қытай тыңдап тұр» (中国正在听) жобасындағы үздік 8 конкурсант осы жолы (05.12.2014) «менің жұлдызым» деген тақырыппен өздеріне тұлға тұтқан адамға арнап ән шырқады.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=a281NerkwdU[/embed]Арай өзі орындайтын әнін былай таныстырды: «Мен үшін жұлдыз болған адам осы күні тыңдармандарынан ұмыт қалған тұлға. Есімі – Бақытжан (Қажымұқанов). 90-жылдардың басқы кезінде «Азия даусы» деген халықаралық конкурc болған. Бақытжан сол жобаның бірінде жүлдегер атанды. Мен 7-8 жасымда оның бір әнін тыңдағанмын. Сол кезде ол жазған әндер басқа композитор туындыларынан өзгеше болып сезілетін. Ал 8 жасымда әнге деген қызығушылығым тереңдеп, өзіндік көзқарасым пайда бола бастады. Осыдан кейін ол кісінің расымен де өте мықты сазгер екеніне көзім жетті. Бүгінгі таңда танымалдық дәрежеге ие болған музыканың кейбір стильдерін ол кісі осыдан 20 жыл бұрын ақ өз шығармашылығында қалыптастырып үлгерген екен. Ол кісіні тауып, жолығуға қатты құштар болдым. Содан бері былтыр ғана Қазақстанға барып телебағдарламаға қатысудың орайы туды. Сөйтіп ол кісімен кездесетін болып күтіп отырдым. Осы күні өнердегі ең жарқын тұлғаға айналған болар деген тебіреніс те жоқ емес. Бірақ... Ол кісіні көргенде мүлдем басқа бір адамды көргендей әсерде болдым... Сөйтсем, Бақытжан аға алыс жолдар көлігінің жүргізушісі болып жүр екен... Бақытжан аға менің сонау алыс жерден арнайы іздеп келгеніме алғашында сенбеді. Қолыма гитарамды алып өзінің әнін орындап бергенімде, сәл ғана жымиып, «ұзақ жылдан бері орындалмаған әнімнің бір нотасын бұзбай орындап бердің» деп көзіне жас алды. Сөйтіп бір күн дидарлас болдық. Көз жасы мен кеткенше тиылмады... Ол кісі көлік жүргізушісі болғанымен, әлі де ән жазуын тоқтатпаған. Сол кездесуде «Тек жүрегім соғысын тоқтатпасын. Мен өнерді сүйіп өтемін» деген еді. Осы сөз құлағымнан кетпейді... Оның өнеріне деген махаббатым тереңдей түсті! Мен бүгін кездесуде өзіне орындап берген «Таңғы жас» әнін айтамын. Ән қазақша болғанымен, музыкада тіл болмайды. Бұл ән сені де тебірентеді деп сенемін!»
4 сарапшы пікірі: 哈林 (Халин): Сен халық (қытай) танымайтын әуенмен қытай жұрты бұрын-соңды есіп көрмеген әнді орындадың. Бұл сенің жобадағы тағдырың үшін өте қауіпті еді. Бірде-бір сөзі түсініксіз, халық жанына жат әнді өзің таңдадың ба, әлде жетекшілер кеңесімен айттың ба? Арай: Әнді жүрек қалауыммен орындадым. Рас, әнді таңдар кезде оның осы сахнада маған әкелер қатерін де ойладым. Бірақ өз таңдауымды жоба жетекшілеріне айтқанымда олар мақұлдады. Қатты қуандым. Бұл әнді орындау мен үшін бір міндет болғандықтан, басқа ештеңені ойламадым. Мен қатты құрметтейтін адамның өзім сүйіп тыңдайтын әнін орындауға мүмкіндік берген осы сахнаға айтар алғысым мол. 春春 (chun chun): Арай орындаған әннің бір сөзін де ұқпадым. Оның үстіне аздаған дауыс ауытқушылықтар да (фальш) болды. Бірақ ән тілін әуенмен түсіндіре алатынын дәлелдеді. 李建 (lijian): Жақсы ән адамды өсіреді. Осындай танымы, тәжірибесі бар Арайдың келешекте кәсіби шеберлігі өте мықты әнші болатынына сенемін. Құттықтаймын! Нәтижесінде Арай 73 пайыздық бағалауға (оның ішінде 4 сарапшының қолдауы бар) ие болып үздік 7-дің бірі болды. Бұл кезеңде 31 пайыздық көрсеткішпен бір конкурсант жобамен қоштасты. Арайға сәттілік тілейік!
Yertay Nussipzhanov, Facebook парақшасынан
