ҚР Қорғаныс министрлігі Ресейдегі баллистикалық зымыранның ұшырылғаны жайлы қазақстандықтарға алдын ала айтып отыру мүмкін емес екенін хабарлады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Баллистикалық зымырандарды ұшыру - Ресей Федерациясы қарулы күштерінің жеке шаруасы. Шетелдегі қаруландыру, қорғаныс өнеркәсібі кешендері және олардың қарулы күштерінің қызметі Қазақстанның құзыретіне кірмейді. Бұл қандай да бір шабуыл әрекеті немесе мемлекеттік шекара ережелерін бұзу әрекеті емес", - деді министрліктің баспасөз қызметінде.
Сондай-ақ, баллистикалық зымыранның ұшырылуы көрші елдердің аумағына еш зиян тигізбейтіні айтылады.
"Бүгінде біз "Байқоңыр" ғарыш айлағынан жоспарлы түрде ұшырылатын зымырандар туралы хабарлап отырамыз. Бірақ баллистикалық зымыран ұшыру ғарыш қызметіне жатпайды", - деді ведомстводағылар.
Еске сала кетейік, осыған дейін 26 қыркүйекте кешкі уақытта Ақтау, Атырау, Қостанай және Қазақстанның тағы басқа өңірлерінің тұрғындарының аспанда жанып тұрған объектіні байқағаны хабарланған болатын.


