Бүгін, 30 қыркүйекте Алматы облысы Шамалған ауылында Болат Әбішұлы Назарбаевтың демеушілігімен, облыс әкімінің қатысуымен тұрмыс-жағдайы төмен отбасыларға үй кілттері табысталды. Аталған игі шараға Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қатысып, баспаналы болған отбасылардың қуанышына ортақтасып қайтты.
Шараны Алматы облысының әкімі Баталов Амандық Ғаббасұлы өз құттықтау сөзімен ашты. Облыс әкімі «Менің үй кілттерін тапсыруға шын мәнінде құқығым жоқ. Үй кілттерін табыстау үшін емес, рақмет айтуға келдім»-дейді. Әкім өз сөзінде облыста мектептердің көптеп салынып жатқанын, тұрғын үй бағдарламалары бойынша үй салу қолға алынып жатқанын атап өтті.

Бүгінде әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасыларға арнап салынған 20 үйдің 17-сі пайдалануға дайын. Маңызы зор, сауабы үлкен іс жасап, әл-ауқаты төмен отбасыларға үй салып берген Болат Назарбаев үй иелеріне кілттерді өзі табыстады. Нұрқанат Ерзатұлы, Мұстапаев Шыңғыс, Табулдинова Бақытгүл, Иманғалиева Бақыт, Мақсұтова Зинат, Дүйсенғалиева Тұрсынхан, Құттыбай Ділбар, Сағындықов Рақым баспаналы болды.
Жеті баланың анасы Бақыт Иманғалиева бұл қуанышты сәтті қатты күткенін және үйге бүгіннен бастап көшетінін жеткізді: «Үй алатынымызды жақында ғана хабарласып айтты. Бұрын Бекболатов ауылында тұрдым. Оның алдында тек үміттеніп жүрген болатынбыз. Бүгін бұйырса үйге кірмекпін. Осыған дейін ешкімге хабарласып жағдайымды айтқан емеспін. Болат мырзаны да бүгін бірінші рет көруім...»-дейді ол.
Табулдинова Бақытгүл: Үйге ие болғанымды осыдан шамамен екі жұма бұрын ғана білдім. Жеті баланың анасымын. Бізді көп адамдар біледі, солар жағдайым туралы айтқан болуы керек-, дейді.
Болат Назарбаев пен облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы және «Асыл арна» телеарнасының Бас директоры Мұхамеджан Тазабек табысталған үйлерге кіріп, қоныс иелерін құттықтады.



Барлық пәтер су құбырына, электр қуатына қосылған және газға жалғанған. Әр үйдің көлемі - 120 шаршы метр.

Назерке МҰСА