Қазақстанда «Хедая» орталығының кеңсесін ашу мәселесі қарастырылуда

/uploads/thumbnail/20170814140118249_small.jpg

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толуы аясында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Елшісі Мохаммад Ахмад Султан Эсса Альджабермен, экстремизмге қарсы «Хедая» Халықаралық орталығының атқарушы директоры Максуд Крузбен және «Сауаб» орталығының өкілі Олайа аз-Захиримен кездесті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанда «Хедая» орталығының өңірлік кеңсесін ашу үшін аталған ұйымды Әділет министрлігіне тіркеуге қоюға қатысты  ұйымдастырушылық бағыттағы мәселелерді талқылады. 

Кездесу барысында «Хедая»  және «Сауаб» орталықтары қызметінің  таныстырылымы өткізілді. «Хедая» халықаралық орталығы 2012 жылғы желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінің бастамасымен құрылған. Ұйымның негізгі миссиясы - зорлық-зомбылықты экстремизмге қарсы үздік сараптамалық зерттеулерді жүргізу және тарату арқылы экстремизмді жоюға бірлесіп әрекет ету болып табылады.

«Хедая» халықаралық орталығының қызметімен таныстыру барысында аталған орталықтың атқарушы директоры Максуд Круз экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы сарапшылардың арасында ақпарат алмасудың және тікелей байланыстар орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Ал, «Сауаб» орталығының өкілі Олайа аз-Захири көрнекі ақпараттық-графикалық материалдардың негізінде ДАИШ лаңкестік ұйымының идеологияларын интернет пен әлеуметтік желілерде таратуға қарсы тұру мақсатында Орталықтың атқарып отырған жұмысының негізгі тетіктері мен нәтижелерін түсіндірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу перспективалары туралы пікір алмасты.

Аталған шараға сондай-ақ, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, құқық қорғау және арнайы органдардың, Мәдениеттер мен діндер Халықаралық орталығының, «Ақниет» ҚҚ-ның, «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ-ның және «Kazdream technologies» аналитикалық орталығының өкілдері де қатысты.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар