Әке өкініші

/uploads/thumbnail/20171005185355057_small.jpg

«Құлақ сал, ұлым. Жүрек түбінде жатқан сөздерімді сен ұйықтап жатқанда айтуды жөн көрдім. Бірнеше минут бұрын жұмыс бөлмемде газет оқып отырып, бойымды өкініш биледі. Мен  өз кінәмді толық мойындаймын.

Көңіл-күйім болмаған кезде ашуымды сенен алғанымды ойлап қатты өкіндім. Сен мектепке бару үшін киіне бастаған кезіңде, заттарыңды жинай бастағанда саған тағар мін таптым. «Аяқ-киіміңді тазаламапсың» деп кінә тақтым. «Киімдеріңнің біреуін еденге тастап кеттің» деп дауыс көтеріп, айғайлағаным есімнен кетер емес. Таңғы аста да саған тиісетін сылтау таптым.

Сен аулада ойнап жүргенде мен жұмысқа асығып бара жатыр едім. Сен бұрылып, қолыңды бұлғап: «Әкешім, сау болыңыз!» деп айғайладың. Мен болсам саған қабағымды түйіп: «Жағаңды түзе» деп зекідім.

Жұмыстан қайтып келе жатқанда сенің аулада жерге тізерлеп отырып алып шармен ойнап отырғаныңды байқадым. Шұлықтарың жыртылып қалған екен. Сені алдыма салып алып үйге әкелдім. Бұл әрекетім арқылы жолдастарыңның алдында сені ұятқа қалдырдым. 

Жұмыс бөлмемде газет оқып отырғанда бөлмеге келгенің есіңде ме? Газеттен көзімді алып, маған кедергі келтірдің дегендей ашулы көзбен қараған кезімде не істеріңді білмей кіре-берісте тұрып қалып едің ғой. «Саған не керек?» деп сенімен дөрекі сөйлесіп едім. Сен жауап бермедің, жүгіріп келіп мойныма асылдың да, бетімнен сүйіп-сүйіп алдың. Одан кейін бөлмеден шығып кеттің.

Осы жағдайдан кейін бойымды түсініксіз қорқыныш сезімі баурады. Менің әдеттерім мені қандай жағдайға түсірді? Сенің кішкентай бала екеніңді ұмытып кеткендеймін. 

Кіп-кішкентай жүрегің мейірімге толы. Мұны мен ұйқыға жатар алдында мойныма асылып, бетімнен сүйген кезіңде байқадым.

Ертеңнен бастап мен саған жақсы әке боламын! Мен сенімен бірге ойнап, жақсы тіл табысып кетуге тырысамын. Сен қайғырғанда бірге қайғырып, қуанғанда бірге қуанамын. 

Мен сенен көп нәрсені талап етіппін... Кешір, балам!

muslim.kz сайтынан алынды 

Аударған: Елжас Ертайұлы

«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар