Алматы қаласында дарындылар жәрмеңкесі болып өтті

/uploads/thumbnail/20171026180254940_small.jpg

Бүгін Алматы қаласында «Менің ең алғашқы жұмыс орным» атты жоба өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Elite кадр холдингі төрт жыл қатарынан «Жылдың ең үздік студенттері» байқауымен ұсынылған «Менің алғашқы жұмыс орным» атты жобасын өткізді. 20 жыл ішінде компания жұмыспен қамту саласында үлкен тәжірибе жинақтаған. Холдинг басшылығының айтуынша, жинақталған білімді қолдануға, мансапқа жетуде жастардың сауаттылығын артыруға, әр жасқа қызықты да болашағы бар жұмысты алуға бірдей мүмкіндік беруге барынша күш жұмылдырмақ ниетте екен.

Үлкен танымалдылық арқасында байқау 2017 жылы республикалық деңгейге шығып, қатысушылардың саны 2000 адамға дейін жеткен. Компания басшылары мен қоғам қайраткерлері сарапшылар болып, байқауға қатысушылардың жұмыстарын бағалап, жүлделі орынға ие болушыларды анықтаған.

Қатаң және объективті бағалар арқасында ақтық мәреге жастардың ең үздіктері шыққан. Әлеуметтік, қоғамдық қызметте және оқуда үздік көрсеткіштер көрсеткендері, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жастар қозғалысына еңбек сіңірген еңбектері үшін байқаудың жеңімпаздары болып құқылы түрде Қазақстан Республикасының мақтанышы мен игілігі болып саналатын 127 студент аталды.

Алматы

«Менің ең алғашқы жұмыс орным» атты жоба жеңімпаздарының бірі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Механика және математика факультетіндегі математика мамандығының 3-ші курс студенті Әлімбек Әлима Еділқызы аталмыш жобаның бүгінгі таңда жастарға көптеген мүмкіншіліктер беріп, студенттерді қолдауға бағытталған бірден-бір жоба деп атады.

«Бұл байқауға екінші курсты бітіруге таяп қалған кезде қатысқан болатынмын. Байқаудың шарттары бойынша әрбір студент бастапқыда сауалнаманы толтырғаннан кейін, финалға өтеді. Финалда ұсынылған алты тақырыптардың біріне эссе жазып өткізуі тиіс. Менің таңдаған тақырыбым – «Сіздің мамандығыңыз». Бұл тақырыпта жазылған эсседе өзіңнің таңдаған мамандығыңды, оны не үшін таңдады және оның болашақта жұмысқа орналасуға тигізер септігі жайында айтып өту қажет. Бұл тақырыпты таңдаған себебім – менің мамандығым ерекше болып табылады, сондықтан да бұл мамандық жайында жазылған эссе өзгелерге қызықты болатындығына сендім. Көптеген талапкерлер бұл мамандықты таңдай бермейді, өйткені қиын, алайда мамандығым өзіме ұнайды», - дейді байқау жеңімпазы.

Әлима Еділқызы өзінің эссесін ағылшын тілінде жазып тапсырған, оның байқауда жеңіске жетуіне бірден-бір септігін тигізгендігі де содан болар.

«Мен өзімнің эссемді ағылшын тілінде жазып өткіздім. Оны шетел университеттерінің мұғалімдері және де өзіміздің жұмыс берушілер мен сарапшылар тексерген болатын. Эссені жазып өткізгеннен соң, оның өзіндік талаптары бар, сол бойынша оны 125 баллдық шкала бойынша бағалайды. Соның ішінде менің жазған эссем 120 балл көлемінде жинаған», - дейді Әлима Еділқызы.

Айта кетер болсақ, «Менің ең алғашқы жұмыс орным» жобасы көптеген атақты ұлттық және халықаралық компаниялардан қолдау тауып, биыл төртінші рет өткізілуде. Жобаға атсалысқан сарапшылардың арасында Республикамыздың азаматтары ғана емес, өзге мемлекеттің де өкілдері, әлемге белгілі алдыңғы қатарлы ЖОО-ның оқытушылары да бар.

Қазақстанда бітірушілер мен жас мамандарға жұмыс, тәжірибе мен тағылымдаманы таңдауға мүмкіндік беретін ресурстарды www.youngstaff.kz сайтынан көруге болады. Бүгінде аталмыш сайтты пайдаланушылардың саны күн санап артуда, ал атақты neupusti.net ақпараттық порталымен жасалған серіктестік арқасында жас мамандардың көпшілігі өздеріне жұмыс іздеп таба алады.

Қатысты Мақалалар