ШҚО әкімі Семей облыс орталығы болады деген сыбысқа түсініктеме берді, - деп жазады Qamshy.kz
Биыл жазда әлеуметтік желілерде Өскемен мен Семей қалаларының мәртебесі өзгереді деген сыбыс тараған болатын. Онда Семей қаласы облыс орталығы, ал Өскемен өндірістік орталық болады делінген.
"Семейге қатысты айтсам, бұл жай сөз", — деді әкім.
Ахметовтің айтуынша, кей кездері адамдар белгісіз біреулердің жалпы айтқан сөздерін тұтас бір пікірге балап жатады. Ал бұл дұрыс емес.
"Мәслен, бірнеше ақсақал жүгініп, қайтадан Семей облысын құру бастамасын көтерді. Бірақ, мұның экономикалық жағынан да еш қажеттілігі жоқ",- деді ол.
Айта кетсек, көктемде Даниял Ахметов "Мен қаланың барлық мәселелерін толыққанды білемін деп айта аламын. Семейде инженерлік коммуникация жүйесінің жағдайы мүшкіл. Бүгінде ағын су ағатын құбырдың жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр, сумен жабдықтау, жылу және кәріздік жүйені жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл қалаға бөлінетін қаражат Өскеменнің бюджетінен әлдеқайда көп, мұндай ешқашан болған емес", — деген болатын.