Журналист Самат Нұрланбекұлы өзінің Facebook парақасында "Ұлттық танымнан ажырап қалған кейбір қазақстандық киноларына шолу" атты тақырыпта пост жариялады.
"Қазір ерінбеген кино түсіргіш болып алыпты. Кино түсіру сәнге айналған ба сонда? Сәнінен гөрі бізге мәні, мағынасы маңызды ғой! Отандық киноөндірісіне кішігірім шолу жасап көрейікші. Жалпы қазақ кино режиссурасының өзіндік мектебі қалыптасқан ба? Ия,әлбетте өз дәстүрі,ұлттық бет бейнесі болған. Ия, болған!!! Қазір ше, күн санап саңырауқұлақша қаптап жатқан сапасыз, санында шек жоқ, даңғаза киносымақтар жетіп артылады. Аттары да, тақырыптары да мәңгүрттенген,дәлдүріш,қазақ психологиясы мен діліне сорпасы қосылмайтын бос далбаса дүниелер. Бұлай айтудан еш қорықпаймын! Мәселен мына киноларды кино деп айтуға бола ма,әлде: "Бизнес по казахский, Оралман из Питера, Брат или Брак, Сабинка Келінка, 5 причин не влюбится в казаха, Побег из ауыла, Сказ о розовом зайце, Осторожно я Корова, Виртуальная Любовь" тағы басқа осы секілді не үйретері жоқ, не ой салмайтын, не ұлттық бояуы жоқ, не менталитетімізге сай емес, әйтеуір кино деп айтуға өз басым ұялатын әңгүдік дүниелер!!! Бұларға кім бас көз болды, кім қаржы бөлді? Отандық кино өндірісінің көркемдік кеңесі қайда қарап отыр? Жалпы кино, музыка, әдебиет, мәдениет адам баласына тәрбиелік маңызы жоғары, рухани мазмұны терең дүниелерді ұсынуы тиіс. Кино көргенде адам баласы ой түйе алатын деңгейге жету керек. Біз ше,қазақ көрерменіне не ұсынып жүрміз? Оралман из Питера мен Осторожна я Коровадан қазақ көрермені не алады, нені түйеді? Бұл кинолар сені ізгілікке, ұлтты сүюге, тіліңді құрметтеуге уағыздай ма? Жоқ! Идеология өлген дейсіздер! Идеология өлсе онда мемлекеттің де өшкені болып есептелмей ме? Идеология өлген жоқ, ол тек басқа арнаға ауысып кетті! Ол өз қағынан жерініп ұлттық танымға мүлде кереғар заттармен айналысып кетті. Енді не істеу керек! Көркемдік кеңес керек, киноға да, музыкаға да! Жерге сыймай, Кремльде жатқан Ленин шалдың да: "Из всех искусств для нас важнейшим является кино!" деп айтпап пе еді! Демек, кино үлкен идеологиялық құрал! Музыкаға қазірше тиіспе ақ қояйын! Бүгінше кино төңірегінде іште қайнап жатқан ойларымды төгейін. Кейіпкер мәселесі, киноға да, әдебиетке де бірдей ортақ! Әдебиет қазір кейіпкер іздеуден шаршады! Себебі, кейіпкер жоқ деген алдамшы елес қоғамды әлі кезіп жүр. Тағы қайталап айтамын, кейіпкер іздеп әуре сарсаңға түспеңіздер! Кейіпкер бар, ол сенің қасыңда отыруы бек мүмкін! Сен оны күнде көріп, күнде араласып, бірақ оның ішкі жандүниесін сезінбеуің мүмкін! Бірақ сол адам нағыз бүгінгінің әдебиетінде көрініс табуы қажет! Тек оны көре біл! Әдебиетті тілге тиек етіп отырған себебім, осы уақытқа дейін жазылған мың роман, мың повестьттер, сонда қазіргі режиссерлерді шабыттандырмады ма? Құдай ау, аспаннан түс режиссер! Қазақ әдебиетінің 1960- 1990 жылдары жарық көрген шығармалары болсын, одан арғысы, немесе кейінгі туындылары болсын әрқайсысы киноға сұранып тұр ғой! Тек соны оқы, қазақ әдебиетінің үрдісінен хабардар бол! Сырттан, шетелден тақырып іздеме! Міне, режиссердің оқығандығы осы жерден білінеді! Кез келген режиссер меніңше, өз ұлттық әдебиеті мен оның қазіргі құбылыстары мен үрдісінен хабардар, құлағдар болуы мінддетті деп ойлаймын...
Бір күн болса да еліміздің ірі қалаларындағы үлкен кинотеатрларындағы репетуар, афишаларына назар аударыңызшы. Голливуд пен Европа киноларының көлеңкесінде елімізде жылына бір рет түсірілетін кинолар сығалап, жәутеңдеп тұрады. Сол киноға бару көрсеткіші көңілді көншітпейді. Себебін, жаңа ғана түсіндірдім. Тақырыбы нәрсіз, ұлттық танымнан ада, даңғазалыққа ұрынған кино деген аты бар дүниелер! Жастарымыз қазақстандық киноларды көрмейді деген жексұрын стастистика қайдан шығады? Біріншіден, сол тәуелсіздігімізбен түйдей құрдас ұрпақтың талғамы 25 жылда қалай қалыптасты! Жауап біреу ақ, батыстың ағыл тегіл жағымсыз нөпірінің ықпалымен қалыптасты. Оған кінәлі кім, америка ма ? Жоқ, өзіміз! Сол тасқынға қарсы тұра алмадық, сол нөпірден қорғанысымызды қалай алмадық! Енді кеш пе? Жоқ, соққы алған боксшы есін жиып, аяғына нық тұрып, қайта ұрысқа кіретіні секілді біздің де есімізді жиюмыз өте пайдалы болар еді! Ол үшін, идоелогиялық механизмнің майын ауыстырып, ол жақсы жұмыс істеу үшін оған рухани нәрі жоғары, ұлттық уызға бай май құю керек".