«Қазақстанда тұрып, қазақ тілін, оның дәстүрін білмеу мен үшін үлкен сын» деген ұранмен өмір сүрген Текелі қаласының тұрғыны Олег Калиновский порталымызға арнайы сұхбатын берді. Айта кетерлік, осыған дейін ол қазақ күйін видеоға түсіріп “Youtube” желісіне жүктеп жүрген-ді. Аз ғана уақыттың ішінде «Русский домбрист» атанған Олегті қазір біраз жұрт танып үлгерді. Олег бүгінгі күнде шетелде оқып жатқандықтан, әлеуметтік желі арқылы сұхбаттасуға ғана мүмкіндік болды. Ол сұхбатында өзі жайлы біраз мәліметтер беріп, қазақ халқының салт-дәстүріне жақындығын айтты.
(Олег «Халықаралық түрік тілі байқауының» ән бағыты бойынша «Алтын медаль иегері» Жұмахан Әсіловпен бірге)
– Сенің домбыраға деген құштарлығыңды әр қазақтың баласы жоғары бағалайды деп ойлаймыз. Бізде ұлттық аспапта ойнағанды қойып, өз тілінде еркін сөйлей алмайтын азаматтар көп. Ұлтың өзге бола тұра қазақтың өнеріне жақын болуыңа не себеп болды?
– Мен 7 сыныптан бастап орта мектепті бітіргенше Талдықорғандағы қазақ-түрік жасөспірімдер лицейінде оқыдым. Ол жерде жатақханада жататынбыз. Лицейде көп ұлт өкілдері оқитын. Бірақ, негізінен қазақ оқушыларының саны басым болды. Біздің сыныпта да дәл солай болатын. 7 сыныпта қазақша білмей келген едім. 5 жылдың ішінде еркін сөйлей алатын деңгейге жеттім. Қазақ достарыммен жақын араласып, қазақтың дәстүрімен жақсы таныстым. Ал домбыраға деген қызығушылығым алғаш рет домбыраның дыбысын естіп, өз көзіммен көргенде пайда болды. Жаныма жақын болып сезілді. Содан бері домбырамен күй шертіп, тіпті кейінгі кездері домбырамен ән айтатын болдым.
https://www.youtube.com/watch?v=i2z79rpEGoA– Қазақтың қара домбырасын қанша уақытта игеріп үлгердің? Осы домбыраңмен қандай жетістіктерге жеттің?
– 9 сыныптан бастап үйрене бастадым. Бір жылдың ішінде еркін игердім десем артық болмас. 10 сынып бітірген жылы «Халықаралық түрік тілі фестиваліне» дүние оркестрінде домбыра шерттім. «Жарқын Болашақ» атты республикалық байқауда домбырамен қазақша ән айтып, облыстық деңгейде 1-ші орын алдым, республикалық деңгейге өттім.
– Жалпы қазақтың салт-дәстүрін қалай бағалайсың? Домбырадан басқа қазақы аспапта ойнай білесің бе немесе тағы қандай қазақы өнерге жақынсың?
– Өте жоғары бағалаймын. Қазақтың ұлттық құндылықтары ұшан-теңіз. Мен қазірге тек домбыра мен ұлттық тағамдарымен ғана жақынмын.
https://www.youtube.com/watch?v=rv-9bIstqkA– Жаңа қазақ-түрің лицейінде оқыдым дедің. Орта мектеп деңгейі ғой. Жоғары білімді қайда жалғастырмақ ойың бар? Қандай маман иесі атанғың келеді?
– Мен орта білімді 2014 жылы аяқтадым. Қазір Ресейдің Томск қаласындағы ТУСУР университетінде оқимын. Мамандығым - «Өнеркәсіптік электроника».
– Болашаққа қандай жоспарларың бар? Домбырамен әлі талай биіктерден көрінгің келе ме? Әлде бұл өнеріңді жай хобби ретінде ғана ұстамақ ойың бар ма?
– Қазірге ең үлкен мақсатым – оқуымды үздік бітіру ғана. Себебі, мұнда оқу қиын. Бос уақыт аз болады. Күндіз-түні оқуға тура келеді. Дегенмен, анда-санда басымды демалту үшін домбыра шертіп қоямын. Жоғары оқу орнына түскелі, өкінішке орай, хобби ретінде ғана қалып қойды.
– Қазақ ұлтына соншалықты жақын екеніңді байқап отырмыз. «Болашақ жарым қазақ қызы болады-ау» деген ойың болды ма?
– Жо-жоқ. Болашақ жар туралы әлі ойланған жоқпын. Бірақ оны Құдай біледі(күлді).
(Олег отбасымен бірге)
(ТУСУР университетінде ойын-сауық кешінде группаластарымен бірге)Сұхбаттасқан: Тұран Мұрал


