Биыл Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының құрылғанына 20 жыл толды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Осы орайда «Тіл. Тәуелсіздік. Тағылым» атты ғылыми практикалық конференция өтті. Қалалық тілдерді оқыту орталығының құрылғанына арналған іс-шараға облыс, қала әкімдерінің орынбасарлары мен зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары қатысты.
Тіл білімінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген орталықтың мерейтойына арналған ғылыми жиынға А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек те келді. Кездесу барысында Ерден Қажыбек латын әліпбиінің маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті.
Айта кетейік, 1997 жылдан бері орталықта 20 357 азамат білім алған. Олардың 16799 қазақ тілін, 2115 ағылшын тілін меңгерсе, 1443-і орыс тілін оқып шыққан. Тіл оқыту орталығында алты мыңнан аса мемлекеттік қызметкер оқып, тіл сындырған. Орталық «Іскер қазақ тілін» ірі кәсіпорындар мен ұлттық компаниялар қызметкерлеріне де тегін оқытады.