Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту арқылы олардың отбасының әлеуметтік жағдайын жақсарту біздің қоғамның ең басты міндеті болып отыр. 2017–2021 жылдар аралығында тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның өзі Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту деп аталады. Демек, тұрғындар нақты жұмыспен қамтылып, олардың өз кәсібін ашып, сол арқылы нәсібін табуына жол көрсету көзделген.
Осы бағытта Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Орталық жуырда ғана жаңа форматта қызмет көрсету жүйесін енгізіп, еnbek.kz порталын іске қосты.
Кадрларды жұмыс берушінің сұранысына қарай іріктеу ісі қолға алынды. Орталық өз өміріндегі осы жаңалықтармен жұмыс берушілерді жақынырақ таныстырып, олармен өзара ынтымақтастықты арттыру мақсатында «Жұмыспен қамту орталықтарының трансформация шеңберіндегі өзара ынтымақтастығы және жаңа форматта қызмет ұсыну, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру» атты «Дөңгелек үстел» өткізді.
«Дөңгелек үстелге» «Тұрғынүйжинақбанкі», «Евразиялық банкі» АҚ, «Метрополитен» АҚ, «Соса-Соlа» БК ЖШС, «Caspіan Beverage Holdung» АҚ, «Райымбек Ботлерс» ЖШС, «Базис» құрылыс компаниясы және басқа да Алматы қаласында орналасқан жиырма жетіден астам мекемелер мен кәсіпорын басшылары қатысып, жаңа форматта жұмыс ұсыну мамандар даярлау және өз сұраныстарын қанағаттандырудың жаңа жүйелерімен танысып, осы бағыттағы өз ойларын ортаға салды.
«Дөңгелек үстел» басындағы келелі кеңесті Жұмыспен қамту орталығының басшысы Мейрам Сүйіндіков ашып, жүргізді. Сөз басында орталық басшысы қатысушыларға нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы және осы бағытта қала аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде түсініктеме берді. Бұдан соң Жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің басшысы Дәурен Ақатай орталықтың жаңа форматтағы қызмет көрсету жұмыстарымен таныстырды.
«Дөңгелек үстелге» қатысқан жұмыс берушілерді жаңа формат бойынша жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес мамандарды іріктеу қызметі, уақытша жұмыс орындарын құру, қызметкерлерді кәсіби оқыту бағдарламалары, enbek.kz порталының қызметі қызықтырды. Орталық қызметкерлері жұмыс берушілерге заңнамаға сәйкес еңбек порталын пайдалана отырып, электрондық пошта және ұялы байланыс телефоны арқылы бос жұмыс орындарына өтінім беру тәртібін де түсіндіріп, жұмыс берушілердің электронды жүйе арқылы қалай жұмыс істеу керектігі, еңбек порталына өздігінен тіркелу жолдары, бос жұмыс орындары деректер базасына ағымдағы бос жұмыс орындары мен болжамды жұмыс орындарын енгізу үшін сұранысқа ие мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы деректерді тіркеу төңірегіндегі сауалдарына жауап берді. Бос жұмыс орындары туралы деректерді тіркеуді мысал ретінде көрсетті. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде бос жұмыс орындарын ұсынып қойып, жайбарақат отыратын жұмыс берушілер қазіргі уақыт талабының ол жайбарақаттықты көтере алмайтындығына көз жеткізіп, келешекте орталықпен ынтымақтаса отырып, еңбек нарығындағы және әр кәсіпорын мен мекемелерге қажетті мамандықтарға деген сұраныстар бойынша бірлесе жұмыс істеу жөніндегі мәмілеге келді.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қазіргі таңда Алматы қаласында кәсіпке баулу екі бағытта жүзеге асырылуда.
Бірінші бағыт – тегін кәсіптік-техникалық білім беру.
Екінші бағыт – колледждер мен оқу орталықтары арқылы қысқа мерзімді дуальді оқыту.
Осы бағдарламаларға сәйкес, Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының келісімі бойынша қаламыздағы 4 колледж бен
5 оқу орталықтарында
43 мамандық бойынша оқыту қолға алынып отыр.
Алдағы уақытта мамандық түрлерін 83-ке жеткізу көзделген.
2017 жыл Алматы қаласы бойынша Жастар жылы деп аталуына байланысты тек биылғы оқу жылының өзінде 6975 мектеп бітіруші түлек еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандықтар бойынша білім алуда.
Өткен 2016 жылы Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығына 9291 адам жұмыс сұрап келсе, оның 7150-і тұрақты жұмыспен қамтылған.
Оның ішінде 593 жас маман Жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасса, 315 адам кәсіптік оқумен қамтылған.
Пікір қалдыру