Бүгін халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ халқының мақтанышы Бауыржан Момышұлының дүниеге келген күні деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданының Мыңбұлақ атты ауылында дүниеге келген.
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде»
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде,- деп батыр өзі жырлағанындай "Елдің даңқын алып ұшқан батыр" бабамыз Бауыржан Момышұлының туғанына бүгін 107 жыл толды.
Батырға дейін төрт қыз көрген ата-анасы ол туғанда қатты қуаныпты. Атасы Имаш жан-жаққа кісі шаптырып, ұлан-асыр той жасайды. Шілдехана тойында Имаш ақсақал немересін көтеріп шығып, ел қарияларынан бата сұраса, олар: “Төл немерең, бел немерең ғой. Бата жөні де өзіңдікі” десіпті. Сонда атасы:
Алатаудың қыраны мол еді –
Қырағы болсын, құлыным.
Қойнауы суға мол еді –
Бұлағы болсын, құлыным.
Елінің тілегі зор еді –
Шырағы болсын, құлыным.
Ата тілегі оң еді –
Құмары болсын құлыным.
Бұл жер батырлар төрі еді –
Сыңары болсын, құлыным! – деп бата беріпті.
Ата-анасы туралы батырдың өзі өмірбаяндық “Ұшқан ұя” кітабында былай деп жазады: “Менің бабам Имаш 1911 жылы 92 жасында дүние салған. Ортай бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті – менің әкем Момыналы екен. Оны жұрт Момыш деп кеткен. Әкем айтыс қуып, әндетіп жүре-жүре 33 жасында Байтана руынан Әбдірахманның Рәзия атты қызына үйленіпті. Ол менің шешем еді. Ол кісі мен үш жасқа толар-толмаста қайтыс болған”. Анадан ерте жетім қалған Бауыржан әжесі Қызтумастың бауырында өседі. Кейінірекке дейін әжесі келіні туралы “Жатқан жерің жәннат болсын, маңдайыма сыймай кеткен періштем Рәзия” деп мұңайып отырады екен. Осы сөздің өзінен Баукеңнің әжесінің діннен хабары бар адам екенін байқауға болады. Ал әкесі Момыш болса, өлең шығарып, жиын-тойда айтысқа қатысып жүрсе, кейін өз бетімен сауатын ашып, ел ішінің дау-дамайына бітімге жүрген кісі екен. Баукең өз жазбаларында әкесін жеңгелерінің “Молда бала” атағанын айтады. Соған қарағанда, әкесінің діни сауаты да аз болмаса керек. Тек Кеңес саясатына байланысты батырдың өзі оны кітаптарында атап көрсетпеген болуы мүмкін. Ал өмірінің ақырына дейін “Тура Момыш” атаныпты.
Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашқан сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын.
1921 жылы бастауыш мектепті Аса интернатына түседі. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. Бауыржанмен бір сыныпта Әбділда Тәжібаев және Құрманбек Сығындықов оқиды. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Институт директоры Тоқтыбаев деген кісі болатын. Жас баланың қатты суықта жұқа киіммен жүргенін көріп, өзінің кабинетіне шақыртып алады. Баланың қолына бухгалтерияға қағаз жазып беріп, осы қағаз бойынша ақша алатындығын және сол ақшаға ауылға қайтатындығын айтады. Осындай тұрмыс жағдайына байланысты оқудан кетеді.
Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді.