Оралда 5517-әскери бөлімнің кинологы, сержант Бақтығали Әйкенов иттің көмегімен жоғалған қызды тапты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
23 желтоқсан күні сағат кешкі 20.00 шамасында «Солтүстік-Шығыс» шағынауданында И. деген азаматша үш жасар қызы жоғалғаны жөнінде құрамында кіші сержант Асхат Шалабаев, кинолог, сержант Бақтығали Әйкенов және қатардағы жауынгер Роман Рязанов бар топқа айтып, көмектесуін өтінген.
Әйел Әбілқайыр көшесі бойындағы «Керуен» дүкеніне кіріп, заттарды қарап жатқан мезгілде кішкентай Ираданың шығып кеткенін байқамай қалған. Б.Әйкенов анасынан қыздың қолғабын алып, Шериф есімді итке иіскетіп, ізіне түскен. 15 минуттан кейін қызметтік ит кинологты Е.Орақбаев атындағы көшенің бойындағы 8-үйге алып келген.
Қорыққан қыз жан-жағына қарап, сол жерде тұрған. Қыздың анасы Индира Нұржанова Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қырағылық көрсеткені үшін «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиевтің атына хат жазып, алғысын білдірді.
Аталған әскери жасақ жауынгерлері әскери бөлім басшылығының тарапынан марапатталды.
Пікір қалдыру