Сонау бiр алыс өлкеде,
Өсiп тұр бiр түп қалақай,
Тағдырға үнсiз көнсе де,
Ұмытпады оны балақай.
Қиялдың ер сап тайына,
Қурайын мiнген ат қылып.
Ашулы қалақайына,
Алақанын жүр шақтырып.
Мұңаяды екен несiне,
Тұнжырап үнсiз балақай.
Жусаннан көрi есiне,
Түседi жиi қалақай
Тау тасы туған даланың,
Шертедi ғажап ертегi.
Қалақай жыры баланың,
Жанының ауыр дертi едi.
Әр күнi алдан ертемен,
Арайлап таңның атары,
Алыста сол бiр өлкеден,
Басталған өмiр сапары.
Мекенi туған баланың,
Қоңырқай таудың аржағы.
Түсiнде ғазиз ананың,
Бердi аян бiрде аруағы.
«Келмейсiң неге құлыным,
Бабаңның туған жерiне»
Көз жасы сонда ұлының,
Төгiлдi етек-жеңiне.
***
Зымырап жылдар арада,
Оралды ұлан елiне.
Қарайды үнсiз далаға,
Тұншығып iштей демiне.
Есiне алды күрсiнiп,
Сонау бiр сұлу көктемдi.
Өзгерiп кеткен тiршiлiк,
Өткеннен ешбiр жоқ белгi.
Сезiндi тұңғыш қадiрiн,
Топырағын туған даланың.
Жерменен жексен қабiрiн,
Тапты әрең iздеп ананың.
Кезiктi көрiп қайтадан,
Қалақайымен жерiнiң.
Мұңайып iштей айтады ән,
Жыбырлатумен ерiнiн.
Сүйiну әлде тамсану,
Кеудесiн мұңның қысқаны.
Ақырын созып саусағын,
Қалақайын кеп ұстады
—Есiңде жоқ па бала күн,
Сипасаң неттi аялай,
Ашулы шөбi даланың,
Шақты кеп мұны аямай.
Өмiрдiң алтын арайлы,
Кеудеден таңы атқаны.
Қан болып бойға тарайды,
Қалақай шөптiң шаққаны.
Түсiну қиын өмiрдi,
Оп-оңай адам сорламақ.
Көз жасы жерге төгiлдi.
Жаңбырша жауған сорғалап.
Баса алмай ащы күйiктi,
Қоштасты тауы, тасымен.
Қалақайын сол сүйiктi,
Суарып соңғы жасымен.
Бұл баллада 2008 жылы ақпан айында ақын Жүрсін Ерман ұйымдастырған "Бір өлең — Бір әлем" республикалық жыр мүшәйрасында үшінші орынды иеленді.
Мұқаш Қожахметұлы, диктор, журналист
28.07.2012 жыл. Астана, түн.
Пікір қалдыру