26 желтоқсанда Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы шеңберінде Киноматография туралы» Заң жобасының таныстырылымы өтті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Шараны ашқанкомитет хатшысы Б. Мамраев еліміздегікиноматография саласына тоқтала келе:
-Өздеріңізге белгілі, Қазақстан кинематографиясының тарихы жоқ емес. Ол жеке әңгіме. Бірақ еліміз егемендік алғаннан бері кино туралы заңның қажеттілігі, мәселенің өзектілігі артпаса азайған емес. Осы бағытта бүгін қызықты және мағыналы талқылау болады деп сенеміз, - деді.
Одан әрі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы заңнамадағы жаңалықтар туралы баяндады.
- Елбасы алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмасының арқасында «Кинематография туралы» Заң жобасы алғаш рет әзірленді.Өнердің маңызды салаларының бірі – кино саласына аса мән беріп, мәдениетімізді жаһандық аренаға кеңінен танымал ету бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі. Сондықтан бұл бастама баршамызға орасан зор жауапкершілік жүктейді. Бірінші кезекте, заңнамалық шаралар арқылы ұлттық кинематографияға қолдау көрсету, оны жаңа сапалық деңгейге шығару жолындағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін маңызды құралы екенін ескеруіміз тиіс. Екіншіден, отандық киноның мәртебесін жоғарылатып, қазақстандықтардың ұлттық киноға деген қызығушылығын арттыру қажет. Үшіншіден, барлық дамыған елдерде қалыптасқандай, ұлттық киноны жаһандық кеңістікке шығару арқылы еліміздің мәдениетін танымал ету бүгінгі басты мәселелердің бірі, - деді министр.
Депутаттарға ұсынылған Заң жобасының мақсаты – ұлттық фильмдердің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халыққа арналған кинокөрсетілім қызметінің қолжетімлі болуы, киноиндустрияның ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығы, шетелдерде қазақстандық кино мәртебесінің өсуі мен оны мойындау болып табылады. Жалпы айтқанда, жоба кино өнерін әрі қарай дамыту үшін киноматография саласындағы қатынастарды реттейтін тиімді құқықтық негізді құруға мүмкіндік бермек.
Бүгінгі таңда «Мәдениет туралы» Заңда фильмдерді «ұлттық» деп тануға, прокаттық куәліктер беруге, оларды индекстеуге, бастапқы материалдарын сақтау түрлері мен прокат тіліне байланысты қатынастарды реттейтін алты бап көзделген. Бұл киноматографияны дамытудың қазіргі заманғы талаптарына толық жауап бермейді. Осыған байланысты Заң жобасы отандық киноиндустрияны одан әрі дамытудың тұжырымдамалық негізін көздейді. Оның бірі Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау қорын құру және оның жұмыс істеуі болып табылады. Қор өндірісіне, прокаттаға, шығаруға, көрсетуге және ұлттық фильмдерді одан әрі ілгерілетуге бөлінетін мемлекеттік қаражатты бөлудің негізгі операторы болмақ.
Шара барысында Қуаныш Сұлтанов, Зәуреш Аманжолова, Геннадий Шиповских және басқа да депуттаттар кино өнері саласындағы бірқатар мәселелерге назар аударып, министр Арыстанбек Мұхамедиұлына сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Осы ретте, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы шеңберінде депутаттар тарапынан ұсынылған ұсыныстар мен ескертулер назарға алынатын болады.
Заң жобаларының таныстырылымына Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық атқарушы орган және елімізге белгілі режиссерлер Сатыбалды Нарымбетов, Рүстем Әбдірашев сияқты шығармашылық зиялы қауым мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.