Бұл тақырыпты көтеруге бірнеше себеп болды, солардың бастысы әрі негізгісі – жастарға бағыт-бағдар көрсету. Тарихи және мәдени қалыптасқан мұсылманшылық діндегі Отанның орны, оның маңызы мен қадір-қасиеті туралы мәлімет беру. Дінге қызығушылық танытқан жастарымыз көп жағдайда діни ақпаратты, дін туралы мәліметтерді мешіт имамдарынан, отандық білікті дін мамандарынан немесе сенімді дерек көздерінен емес, ғаламтор желісінен алады. Бәлкім технология дамыған мына заманда уақыт құндылығы соны қажет ететін де шығар. Әйтседе дін (сенім) деген нәзік дүние. Бұл мәселеде тәлім алған уақытта мұқият болу артық етпейді. Жаһанның шар тарапынан түрлі тілде бір ортаға (ғаламторға) құйылған ақпараттың қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін маман емес адамға ажырату оңайға соқпасы анық.
Ғаламтор желісінде теріс ағым өкілдерінің дінге қатысты таратқан түрлі мәселелер бойынша пәтуалары (шарғи үкімдер мен шешімдер), бұрмаланған ақпараттары толып жүр. Олардың барлығы діннен хабары жоқ жастарымызға құрылған қауіпті тұзақ. Менімен әңгімелескен студенттерімнің бірі де ғаламторда осындай жат ағымның «Отанға махаббат болады ма?», «туған ел мен жерге құрмет көрсету дұрыс па?» деген сияқты сұрақтарға қатысты бір пәтуәларын оқып қатты ойда жүр екен. Сонда оның ол жерден оқығаны: «Мұсылманның жалғыз ғана отаны бар. Бұл оның туып өскен жері, елі, мемлекті емес. Ол – мұсылмандар мекендеген жер. Егер ол мұсылман емес мемлекетте туған болса, онда оған мұсылман мемлекетіне хижрет жасауы (көшу) парыз. Бүгінде ол, Сирия...».
Әрине, мұнда айтылған мәлімет қате. Біреулер қасақана исламды жамылып, жастардың басын қатырып, оларды туған жерлерінен көшіріп, жиһадқа арбауды көздеп отыр. Мұны оқыған адам Сирияға көшіп кетпесе де алған ақпаратының қате екенін білмей, дін исламда туған жерге сүйіспеншілік жоқ екен. Менің шын Отаным өзім туылған Қазақстан емес, мұсылмандар мекендеген алыстағы жер екен деп ойлауы ғажап емес. Адамдардың ақыл-ойы, қабылдау қабілеті әртүрлі. Осындай айланың құрбаны болған қандастарымыз да білместікпен туған елінен бас тартып, бала-шағаларын ертіп сол алыс елдерге көшіп кетті емес пе?!
Кіндік қанымыз тамып, өсіп-өніп жатқан еліміз – біздің Отанымыз. Мұнда біздің ата-анамыз, бала-шағамыз, ағайын-туысымыз, шаңырағымыз, алтын ұя мектебіміз және көк күмбезді мешіттеріміз бар. Бұл жерді ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қасықтай қаны қалғанша жаулармен соғысып біз үшін сақтап қалған. Мұны біздер үнемі қадірлеп, естен шығармауымыз қажет. Аталарымыз күні бүгінге дейін баталарында елдің, жердің, халықтың амандығын тілеп келеді.
Ислам адамның туған жері, отанын жақсы көруге шақырады. Мысалы, Мекке шаһарынан Мәдинаға қоныс аударған уақытында ардақты Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) «Хазрауа» деген жерге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрыпты. Сосын:
– Уаллаһи! (Аллаға қасам етейін) Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім! – деген.
Келесі бір риуаятта пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеден шығып бара жатып, арқасына қарап:
– Отаным. Менің отаным – деп айтқан.
Сондай-ақ, ислам тарихында мынадай оқиға келеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап:
– Біз, Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді – деп айтқан.
Бұл айтылған оқиғалар пайғамбарыдың (с.ғ.с.) туған жерге деген ыстық махаббатын көрсетеді. Ол кісінің туған жеріндегі әрбір тау-тасқа, шөл мен көлге деген зор сүйіспеншілігін байқатады. Мен бір жерді екніші жерден артық етіп көрсетейін деп отырғаным жоқ. Ондай ойдан аулақпын. Бұл ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) мекені. Бірақ, Отанның қымбат әрі маңызды екенін түсіндіру үшін мұны айтпақ зорындамын.
Егер шындап қарасаңыз, ол жерлерде егін егетін егістік жері, малды жайылымға жіберетін көк жайлау, тонналап түрлі жеміс жинайтын бау-бақшалар жоқ. Төбеңнен қақшиып тұрған күні басым, шөлейт. Күннен қашып паналайтын ағашы жоқ ашық жер. Күннің ыстығынан тастар қарайып кеткен. Бірақ, солай бола тұра пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол жерді жақсы көрді. Неге деп ойлайсыз? Өйткені ол – Отан. Ол кісі сол жерде дүниеге келді. Сол жердің табиғатында өсті, топырағына аунады, суын ішті. Жерін басып, мал бақты. Сол жердің мәдениетінде жасап, халқымен бірге ғұмыр кешті. Сондықтан да пайғамбар (с.ғ.с.): «Отанды сүю – иманнан» деп айтқан.
Кеудесінде иманы бар адам отанын сүйеді, оны қорғайды. Қазақ: «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп тегін айтпаған. Әдетте адам отанның қадірін елден жырақта жүргенде түсінеді. Мұны шет мемлекетке шыққан отандастарымыз жақсы біледі. Шет мемлекетте «Мен қазақпын» немесе «Отаным – Қазақстан» деген уақытта яки болмаса елдің байрағын, рәміздерін көргенде қуанышың қойныңа симайды. «Бұл менің мемлекетім» деп дауыстап айтуға да сәл қалатын кездер болады. Сонда Отанымның бар екеніне Құдайға шүкір деп айтасыз.
Расында да жер бетінде отансыз, тәуелсіз, егеменді жері жоқ ұлттар мен ұлыстар қаншама?! Сондықтан да, ардақты азаматтар, Егеменді Қазақстанның әрқашанда еңсесі биік, өзге мемлекеттермен терезесі тең болсын десек, Отанды қадірлей білейік.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы